Премьер-министр Олжас Бектенов Сенат депутатының сауалына берген жауапта коучинг қызметінің кәсіби стандарты бекітілетінін хабарлады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы inbusiness.kz жазды.
Стандарт ресми түрде бекітілгеннен кейін коуч ретінде қызмет көрсеткісі келетін қазақстандықтар ICF халықаралық коучинг федерациясынан сертификат алуы тиіс болады.
ICF халықаралық коучинг федерациясымен (ICF Kazakhstan, Қазақстанда коммерциялық емес ұйым ретінде тіркелген) бірге "Коучинг қызметі (коуч)" кәсіби стандарты әзірленді. Қазіргі таңда ол Ғылым және жоғары білім министрлігінде бекітілу сатысында, – делінген Үкімет басшысының жауабында.
Кәсіби стандарт 9 бағытты қамтиды:
- бизнес-коуч,
- мансаптық коуч,
- лайф-коуч,
- командалық коуч,
- көшбасшылық коуч,
- денсаулық және сауықтыру коучі,
- кәсіпкерлерге арналған коуч,
- білім беру коучі,
- спорттық дайындық коучі.
Премьер-министр атап өткендей, стандарт негізінде Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасында (career.enbek.kz) сертификатталған коучтардың тізілімі жасақталады. Коучтарды оқыту, сертификаттау және тізілімге енгізу жұмыстарын ICF халықаралық коучинг федерациясы жүргізеді.
Сонымен қатар, заңнамада коучтардың жауапкершілігін күшейтетін нормалар енгізілетін болады. "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Заңға түзетулер әзірленіп, Мәжілісте бірінші оқылымнан өтті.
Түзетулерге сәйкес:
- коуч өз кәсіби біліктілігін растайтын сертификатқа ие болуы және оны тұтынушыға көрсетуі міндетті,
- тұтынушыны жаңылыстыратын ақпарат беру немесе жалған жарнаманы таратуға тыйым салынады,
- егер тұтынушылардың құқықтары бұзылуы жаппай сипатта болса немесе үлкен залал келтірсе, бұл әрекет Қылмыстық кодекстің 190-бабына (алаяқтық) сәйкес бағаланады.