Қосымша жұмысқа тарту, есептілік: Мұғалімдер қандай мәселемен жиі шағымданады?

17 Мамыр 2021, 17:00
4568
Бөлісу:
Қосымша жұмысқа тарту, есептілік: Мұғалімдер қандай мәселемен жиі шағымданады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтан қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бағым Көптілеуова «Педагог мәртебесі туралы» Заң нормаларының іске асырылуы» тақырыбында өткен брифингте Педагогтік әдеп жөніндегі кеңеске қандай шағымдар жиі түсетінін айтты.

Департаменттегі Педагогтік әдеп жөніндегі кеңеске телефон арқылы хабарласып жататын мұғалім көп. Олар телефоннан өздерінің аты-жөндерін айтқылары келмейді, сондай-ақ жұмыс жасайтын мекемелерін де атай бермейді. Дегенмен өзінің ойындағы түйткіл мәселесін, проблемасын қалалық кеңесте қаралып, соның оң шешімі тапқанын талап етеді, - дейді Көптілеуова.

Басшының сөзінше, телефон арқылы хабарласқан педагогтің шағымын тыңдағаннан кейін қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілер аясында қарап, шешімін табу бойынша шағымданушыға түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.

Алдағы уақытта өзінің проблемасымен өзі жұмыс істейтін білім беру ұйымындағы ұйымдық кеңеске ұсынуын талап етеміз, - деді ол.

Департамент басшысы атағандай, «Педагог мәртебесі туралы» Заңнан туындайтын шаралар 1,5 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Заңның талаптарын, нормаларын бұзу фактілері көптеп кездесіп жатыр.

Қалалық кеңеске 20 педагогтен жазбаша өтініш түсті. Оның 4-еуі балабақша, 16-сы мектеп педагогі. Шағымдар бойынша жүргізілген мониторинг нәтижесінде жүргізілген мәселелердің көбісі педагог құқығының бұзылуына, әдеп нормаларының сақталмауына, білім беру ұйымындағы екі мұғалімнің өзара түсініспеушілігінен және нормативтік апталық оқу жүктемесінің бөлінуіне немесе аттестаттаудан өтуге қатысты, - деді Бағым Көптілеуова.

Одан бөлек, Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасы бойынша мұғалімді кәсіптік қызметінен тыс жұмыстарға тарту, басылымдарға мәжбүрлеп жазу, қосымша есепті талап ету, жалақаны уақытылы алмау және басқа да мәселелер бойынша ақпараттық сайттарда, әлеуметтік желілерде және Call-орталықтармен мониторинг жүргізіліп отырады.

Анықталған бұзушылық фактілері бойынша жергілікті атқарушы немесе мемлекеттік органдардың қатысуымен шұғыл түрде шағымды қарастырып, тиісті шара қабылданады.

Өзгелердің жаңалығы