Қостанайда 449 мың шаршы метр үй салынады

11 Наурыз 2021, 04:48
1355
Бөлісу:
Қостанайда 449 мың шаршы метр үй салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қостанай облысында тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді. Былтыр 379,4 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілген. Биылғы меже – 449 мың шаршы метр, деп хабарлайды inbusiness.kz. 

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясындағы құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде.

Қаржыландыру да жеткілікті. Атап айтқанда, бұл мақсатқа 18 млрд теңге қарастырылды.

Инженерлік-коммуникациялық желілерді жүргізуге 10,1 млрд теңге, сатып алу құқығынсыз жалға берілетін үйлердің құрылысына 3,9 млрд теңге, ипотекалық несие арқылы сатылымға шығарылатын 19 көпқабатты баспананы  салуға 4 млрд теңге бөлінді, – дейді Архимед Мұхамбетов.

Жергілікті билік 2024 жылға дейін жыл сайын пайдалануға берілетін пәтерлер аумағын 10%-ға арттыруды көздеп отыр. Осылайша, алдағы үш-төрт жыл ішінде жалпы аумағы 1,4 млн шаршы метр болатын 8 мыңнан астам жаңа пәтер мен 1 мыңға жуық жеке үй салынады. Соның есебінен тұрғын үй кезегінде тұрған қостанайлықтардың қатарын азайту жоспарда бар. Қазіргі таңда облыста 12 мыңнан астам адам мемлекеттік қордан пәтер алудан үмітті.

Бұл ретте облыс орталығында «Қонай» кентінде құрылыс қарқынды жүріп жатқанын атап өту керек. Мұнда 30 бес қабатты үй салынуда. Сонымен қатар, екі мектеп пен үш балабақша тұрғызу жоспарланған. Баспаналар мен әлеуметтік нысандардың алғашқы легі осы жылы пайдалануға берілуі тиіс.

Одан бөлек, Юбилейное, Аэропорт және Береке жаңа шағын аудандарында тұрғын үйлер құрылысы қолға алынды. Аталған аудандардағы баспаналардың бір бөлігі былтыр қолданысқа тапсырылса, қалғаны биыл ел игілігіне беріледі.

Өзгелердің жаңалығы