Көшпенділер ойыны: Теңге ілуден кімдер жолдама алды

12 Тамыз 2024, 12:45
517
Бөлісу:
Көшпенділер ойыны: Теңге ілуден кімдер жолдама алды
Фото: Теңге ілу федерациясы

Елордада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысатын теңге ілуден спортшылар анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Еліміздің ең үздік 6 теңге ілушісі көшпенділер ойындарына жолдама беретін 3 орынды сарапқа салып, іріктеу ойындарына қатысты. Спортшылар «қос құлаш», «бес белес», «жеті құт» стилдері бойынша бақ сынады. 

Осылайша көшпенділер ойындарына қатысатын үздік үштік белгілі болды. Олар «бес белес» стилінен Бекнұр Серіков, «жеті құт» стилі бойынша Бақыт Төлтай, ал «қос құлаш» стилінен Рахат Қамбаров қатысады.

Жақында Алматы облысында үшінші оқу-жаттығу жиынымыз ақталды. Жолдамаға 6 спортшы таласты. Соның үшеуі жеңіп алды. Төртінші оқу-жаттығу жиынымыз Астана қаласында 27 тамыз күні басталады. Елімізде бұл спорт түрі жақсы дамып келе жатыр. Осы қарқынды жоғалтпайды деп ойлаймын,-дейді Теңге ілуден аға-жаттықтырушы Нұржан Әбілқасымов.

Көшпенділер ойынында ел намысын қорғайтын үш спортшы да түрлі жарыстардың жеңімпазы атанға үздіктер. Олар, Рахат Қамбаров - 2001 жылы Түркістан облысының тумасы. 2022 жылы Теңге ілу федерациясының бас жүлдесін, 2023 жылы өткен VI ҚР Ұлттық спорт фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алған. 

Сондай-ақ, 2024 жылы Азия кубогі, 2024 жылы өткен Азия чемпионатының алтын жүлдегері. Бақыт Төлтай - 1998 жылдың 12 тамызында Шымкент қаласы, Арыс ауданы, Монтайтас ауылында дүниеге келген. 2021 жылы ересектер арасындағы ҚР чемпионатының қола жүлдегері, 2023 жылы ересектер арасындағы ҚР чемпионатында алтын және күміс медалінің иегері, 2024 жылы Азия чемпионатының алтын медалінің иегері. 

Бекнұр Серіков – Батыс Қазақстан облысының тумасы. 2018 жылы жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатында 1-орын, 2020 жылы жастар арасындағы ҚР чемпионатында 1-орын, 2023 жылы І Азия кубогінің 1-орын иегері.

Бұған дейін жамбы атудан кімдер жолдама алғаны белгілі болған еді.

Айта кетейік, Көшпенділер ойыны Астана қаласында 8-13 қыркүйек күндері өтеді.

Өзгелердің жаңалығы