Аударыспақтан ұлттық құрамасы Алатау бөктерінде орналасқан Олимпиадалық даярлау орталығында дайындалып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шілде айының 29-ы басталған оқу-жаттығу жиыны 11 тамызға дейін жалғасады. Еліміздің түкпір-түкіпірінен, ең үздік деп танылған 12 аударыспақшы дайындалып жатыр. Оның ішінен 6 аудараспақшы іріктеліп, 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысады.
Оқу-жаттығу жиынымыз жоспар бойынша өтіп жатыр. Күнде белгілі бір графикпен жүмыс жасаймыз. Бірінші физикалық жаттығу, түстен кейін атпен дайындаламыз. Бұл оқу-жаттығу жиынында жігіттердің қаншалықты дайын екенін көріп жатырмыз. 12 спортшы ішінен 6 мықтыны іріктеп, көшпенділер ойындарында сәтті өнер көрсетеміз деген ойдамын,-дейді ұлттық құраманың бас бапкері Жанбатыр Бекмұсаев.
5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындары алдында ұлттық құрама қорытынды оқу-жаттығу жиынын 27 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында Астанада өткізеді. Көшпенділер ойыны 8-13 қыркүйек күндері Астана қаласында өтеді.