Көшпенділер ойыны: Асық атудан Қазақстанның негізгі қарсыласы кім

24 Шілде 2024, 15:16
1247
Бөлісу:
Көшпенділер ойыны: Асық атудан Қазақстанның негізгі қарсыласы кім

Қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі – асық ату. Астанада өтетін 5-Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында бұл спорт түрінен додаға түсетін құрама жасақталды. Құраманың дайындықтарын білу үшін асық ату спортынан мемлекеттік жаттықтырушы, Көшпенділердің асық спорты халықаралық федерациясының бас хатшысы Жомарт Оразовпен сұқбаттасқан едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

- Көшпенділер ойынына дайындық барысы қалай жүріп жатыр?

Асық ату, бес асық және ордо бойынша ұлттық құрама жасақталып, ақпан айынан бастап көшпенділер ойындарына дайындық жүруде. Қазіргі таңда құрама Щучинск қаласында орналасқан Қысқы спорт түрлерінен олимпиадалық даярлау орталығында жыл басынан бергі 4-ші оқу-жаттығу жиындарында. Бұған дейін Алматы қаласында, Түркістан облысында және Шолпан-Атада (Қырғызстан) ОЖЖ өткен болатын. Қорытынды ОЖЖ көшпенділер ойындары алдында Астана қаласында өтеді деп жоспарланған.

- Асық ату спортының елімізде даму қарқыны қандай деңгейде?

Асық ату спорты соңғы жылдары өте қатты қарқынмен дамып жатыр. Оған дәлел еліміздің 19 республикалық маңызы бар қалалары мен облыстарында (ШҚО-дан басқа) федерация жұмыс жасауы және командалар жасақталуын ерекше атап өтуге болады. 2023-24 оқу жылының 2-ші тоқсаны орта мектептер арасында «Алтын сақа» республикалық олимпиадасы ұйымдастырылып, бір мезетте 2 миллионнан астам оқушы асық ойнады.

- Ұлттық құрама қалай жасақталады?

Жыл сайын 6 жас ерекшелігі бойынша (балалар, кіші жасөспірімдер, жасөспірімдер, жастар, ересектер және ардагерлер) асық атудан Қазақстан Республикасы чемпионаты өтіп тұрады. Аталған чемпионаттар қорытындысы бойынша 1,2-орын алған спортшылар ұлттық құрама тізіміне енеді. Сондықтан құрамаға кіруге мүмкіндіктер бар.

- Көшпенділер ойынында ең негізгі бәсекелес ел қайсы?

Көшпенділер ойындарында біздің құрамаға ең негізгі бәсекелес Қырғызстан Республикасы құрамасы. Себебі, ордо қырғыздың ұлттық ойыны. Әлемде ордодан қырғыздарға қарсылас жоқ. Асық ату да қырғыздарға таңсық емес. 2022 жылдың аяғында асық атудан өткен тұңғыш Азия чемпионатында біздің ұлттық құрама оларды қиындықпен ұтқан болатын.

- Сұқбат бергеніңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы