Жарыстың екінші күні Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының құрамасы Қазақстанның қоржынына бес алтын, бір күміс медаль салды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақ күресі, жамбы ату және құраштан өткен сайыстарда армия спортшылары сәтті өнер көрсетті.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында спорттың бес түрінен 14 армия спортшысы сынға түсуде. Екі күн ішінде олар алты медаль ұтып алды. Қазір біздің балуандар үшін өз күштерін тексеруге тамаша мүмкіндік туып отыр. 2025 жылы Астанада қазақ күресінен халықаралық әскери спорт кеңесінің (CISM) әлем чемпионаты өтеді. Бұл жарысқа осы ұйымның өкілдерін арнайы шақырдық. Біз үшін бұл әскери спортшылар арасында қазақ күресі жарысын дайындау мен насихаттаудың маңызды кезеңдерінің бірі, – деді ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы – Орталық спорт клубының бастығы полковник Арман Әбеуов.
Жамбы атудан Азия стиліндегі жарыста ҚР Қарулы күштерінің қызметкері Батыр Бексауыт чемпион атанды. Бұл спорт түрінен 27 елден барлығы 78 спортшы бақ сынасқан болатын.
9 елдің 64 спортшысы қатысқан аударыспақта 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ҚР Қарулы күштерінің қызметшісі Алмат Ләтіпбек алтын иеленді.
Өкілдік құрам қазақ күресі жарысына қатысу үшін құрылды. Оған 41 елден сегіз салмақ дәрежесі бойынша 274 спортшы (ерлер мен әйелдер) өтінім берді. Балуандар белдесуі Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтіп жатыр. Боз кілемдегі сайыста ҚР Қарулы күштерінің қызметшілері Бекжан Төлепов (55 кг), Жұмажан Қожамбеков (74 кг) және Бақыт Құсақбаев (60 кг) жеңімпаз атанды.
27 елдің 106 спортшысы бақ сынайтын құраш турнирінде армия балуаны аға лейтенант Марат Байқамұров 100 келіден астам салмақ дәрежесінде күміс медаль жеңіп алды.