- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Көші-қон саясаты және пилоттық жоба: Қандастар кедергілерді атады
Көші-қон саясаты және пилоттық жоба: Қандастар кедергілерді атады
Ұсыныстар Үкіметке жолданады.
Бүгiн 2026, 20:05
Елордада Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығының бастамасымен қандастарға қатысты көші-қон заңнамасына енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Кездесу барысында көші-қон саласындағы өзекті мәселелер, қандас мәртебесін рәсімдеу тәртібі, құжаттандыру үдерісі, бейімделу және құқықтық қолдау тетіктері жан-жақты қарастырылып, нақты ұсыныстар мен бастамалар айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сонымен қатар заңнамаға енгізілуі жоспарланған өзгерістерге қатысты пікір алмасу жүргізілді.
Аталған жиын заңнаманы жетілдіру барысында қоғам пікірін ескеруге мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды. Басқосу аясында қандастардың құқықтық жағдайын жақсартуға бағытталған ұсыныстар ортаға салынып, бұл бағыттағы өзекті мәселелер талқыланды.
Қандас мәртебесін алу
Дөңгелек үстелді жүргізген журналист, қоғам белсендісі Қалиақпар Үсемхан көші-қон мәселесінің ауқымына тоқталды.
Көші-қон мәселесіне байланысты көтерілген мәселеде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы шетелдегі 10 млн қазақтың тағдырына бей-жай қарамағаны қуантады. Бүгінгі мәселе – жуырда ғана қолданысқа енген, өткен жылдың соңында тұжырымдамасы жасалып, 2030 жылға дейінгі көші-қон саясатына қатысты пилоттық жоба туралы. Бұл жоба ақпан айының ортасында іске қосылды. Атап айтқанда, қандастық мәртебесін алу, ықтиярхатқа қол жеткізу, Қазақстан азаматтығын алу мәселесінде осы пилоттық жобада кедергілер шетелдегі қандастарды ғана емес, Қазақстандағы азаматтарды да алаңдатып отыр. Қазақстанда шетелден көшіп келген 1,5 млн-нан астам қандасымыз бар екенін ескерсек, алыс және жуық шетелде тұратын 10 млн-ға жуық туысымыз бар деген сөз, – деді Қалиақпар Үсемхан.
Пилоттық жоба қоғам алаңдаушылығын туғызды
Оның айтуынша, бұл мәселе елдің құқықтық және конституциялық даму үдерісімен де байланысты.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдегі қандастардың басын қосу – қасиетті парызымыз, көш жалғасады деп түйіндегеннен кейін бұл ретте біз де шетелдегі қазақтардың тағдырына бей-жай қарай алмаймыз. Оның үстіне, біз қазір жаңа Конституция жасап, оның ішіне ұлы даланың тарихи жеріне мыңжылдық тарихымызды сақтай отырып, адам құқықтары мен бостандықтарының мүлтіксіз атқарылуына кепілдік бере отырып, осы Заңды қабылдаймыз делінгенін ескерейік. Жаңа жасалып жатқан Ата Заңның рухына сүйенетін болсақ, Қазақстанның болашақ тағдырына әрбір қазақстандықтың, әрбір қазақтың тағдырына қатысты дейтін болсақ, пилоттық жобаның Конституцияға қайшы келетін тұстары көп. Бізді осы қынжылтады, – деп түсіндірді Қалиақпар Үсемхан.
Қандастар кездесетін кедергілер
Сонымен қатар ол шетелден келетін қандастар үшін қойылып отырған талаптарға назар аударды.
Сондай-ақ ол шетелден келетін қандастардың құқығы мен еркіндігіне мүмкіндік берілмейді деп отыр. Қоғам белсендісі үш түрлі тосқауылды атап көрсетті. Біріншісі – сотталмағаны туралы қағаз. Екіншісі – келген елдің тіркеу парағынан, яғни азаматтығынан шығып келу талабы. Үшіншісі – қазақ тілінен тест тапсыру. Әрине, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру тұрғысынан қазақ тілінен емтихан тапсыруды қолдаймыз. Бірақ қандастардың жас ерекшелігі ескерілсе, себебі – олардың барлығы бірдей кириллицаны тани бермейді. Шетелден келетін қазақтар – мигрант емес. Олар – қандастар, олар – өзінің тарихи Отанына оралушылар. Шетелден келетін ағайындардың соттылығы туралы анықтамаға келсек, ондай парақ мысалы, Қытайда жоқ, – деді ол.
Қисынсыз жайттар да бар
Жиында сөз алған журналист Ғұмар Зиятұлы да көші-қон үдерісінде кездесіп отырған қиындықтар туралы пікірін білдірді.
Жаңа қолданып жатқан сынақтағы жобаның кедергісі көп. Мұның саясаттық, тәртіптік негіздері жаңа айтылды. Бір апта бұрын Қытайдан қаржыгер досым келді. Бала-шағасын ертіп, Марқакөл мен Катонқарағайдан 1 млрд теңге қаржымен кәсіп бастайын деген ниеті бар. Әзірге түйіншек шешілмегесін, қоныстана алмады. Бұл жерде қоғам туыстан бөлек, оның дамуына қосылатын үлестен – қаржыдан да айырылып отыр. Бұл бір ғана мысал. Қаншама отбасы осылай қайтадан келген жағына кетіп жатыр, – деді Ғұмар Зиятұлы.
Ол сондай-ақ цифрландыру жағдайында құжат рәсімдеу мәселесіне қатысты да пікір білдірді.
Пайымдауынша, құжат жинақтау, қандас мәртебесін алу тұрғысында цифрланған қоғам оған әлі дайын емес екендігін алға тартты. Жақында Өзбекстаннан 72 жастағы ақсақал келді. Бала-шағасы біршама уақыт бұрын Алматыға келіп, қоныстанып алған. Бала-шағасынан ұзап, қария қайда барады? Алматыда тұрғысы келеді. Алайда ол кісіге: «Қазір Алматы қаласында қандас мәртебесін беру тоқтады. Сіз не батысқа, не солтүстікке, не шығысқа барыңыз» депті. Қисынсыз жайт, – деді ол.
Қоныстандыру бойынша ұсыныстар
Жиынға арнайы келген Бұлақ Түсіпхан да өз жағдайын баяндап, көмек сұрады.
Біз отбасымызбен, жұбайымызбен екі баламызбен 15 күн бұрын Қытайдан, Алтайдан туристік визамызбен келдік. Бағана Көші-қон полициясына кірген едік, олар сіздерді қабылдай алмаймыз, қайтуларың керек» деді. Азаматтық, ықтиярхат алуға сотталғандығы жоқ деген анықтама сұрады. Отырысты естіп, жағдайымызды түсіндірейік деп келдік. Балаларымыздың Қазақстан азаматы болып сіңіскенін қалаймыз, – дейді Бұлақ Түсіпхан.
Өз кезегінде Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының жетекшісі Арман Сүйіндіков қандастарды солтүстік өңірге қоныстануға шақырды.
Үш жыл бұрын Ираннан келген 30 отбасын орналастырдық. Балалары қазақ тілін біледі. Қазір Иранда қандай жағдай болып жатқанын өздеріңіз білесіздер. Бүгінгі күні бірнеше отбасы елге оралуға дайын. Бірақ мүмкіндік болмай тұр. Қандастарды Петропавлға шақырамыз. Баспана да табылады, – деді Арман Сүйіндіков.
Ұсыныстар негізінде құжат әзірленеді
Жиын соңында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы орталық кеңсесінің кеңесшісі Қарлығаш Бекпатшақызы кездесудің мақсаты мен алдағы жоспарларға тоқталды.
Биыл көштің 35 жылдығы болады. Алқалы жиынның мақсаты – қазақтың қамы. Көшке келген кедергілердің алдын алу, жою мақсатында белсенді азаматтар, бұқаралық ақпарат құралдарының басын қосып, мәселені ортаға салдық. Жиынның хаттамасын хат түрінде Үкіметке жолдаймыз, – деді Қарлығаш Бекпатшақызы.
Жиында айтылған ұсыныстар негізінде арнайы құжат әзірленіп, Үкіметке жіберіледі. Қатысушылар қандастардың құқықтық жағдайын жақсарту мәселесі назарда болуға тиіс деп отыр.
Ең оқылған:
- Денис Теннің жолын жалғаған чемпион: Президент Михаил Шайдоровты марапаттады
- 1000-нан астам сарбаз 300 млн теңге несиені кейін төлейтін болды
- Ауа райы: Қыстың соңғы аптасы қандай болады?
- 8 наурыз қарсаңында көпбалалы аналарға әлеуметтік төлем беріледі
- Ақтөбеде күйеуін өлтірген әлеуметтік қызметкер сот залынан босатылды: Заңды ма?