Көші-қон саласындағы мемлекеттік реттеу. Қандастарға қандай жағдай жасалады

17 Мамыр 2024, 11:48
518
Бөлісу:
Көші-қон саласындағы мемлекеттік реттеу. Қандастарға қандай жағдай жасалады
Фото: Артём Чурсинов - архив

Сенат депутаты Амангелді Толамисов еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіруге қатысты заң туралы ойын білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.

Бұл маңызды заңның мақсаты халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы заңнаманы, халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік бақылау тетіктерін жетілдіру, төтенше жағдай кезінде азаматтардың құқықтарына кепілдіктерді қамтамасыз ету, сондай-ақ заңнамада орын алған құқықтық олқылықтарды жою болып табылады, - деді ол.

Заңның негізгі қамтитын мәселелері мыналар:

- кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар үшін сотталған шетелдіктерге Қазақстан Республикасына кіруді және елдің азаматтығын алуды шектеу;

- экстремистік немесе террористік әрекеттерге қатыстылығы бар шетелдіктердің елге кіруіне тыйым салу;

- көші-қон саласындағы заңнаманың сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібін айқындау;

- егер жеке басын куәландыратын құжаттарды және қолданылу мерзімі өткен басқа құжаттарды ұзарту немесе ауыстыру мүмкіндігі болмаса, оларды төтенше жағдайларда пайдалану мәселесін реттеу. Мұндай құжаттар қолданылу мерзіміне қарамастан жарамды деп танылатын болады;

- қос азаматтықты болғызбау мақсатында Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін басқа мемлекеттің азаматтығын растайтын құжаттарды пайдаланған жағдайда Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтудың жаңа негізі енгізілді.

Сонымен бірге заңда Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударушылар үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін алуға жағдай жасауға бағытталған түзетулер ұсынылды. Осы заңға сәйкес, қоныс аударушыларға Үкімет айқындаған өңірлерде шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін жер учаскелері конкурстан тыс тәртіппен 5 жылға дейінгі мерзімге уақытша қысқа мерзімді ақылы жер пайдалану (жалға алу) құқығымен берілетін болады. Сонымен қатар, ерікті қоныс аударған адамдарға және олардың отбасы мүшелеріне бюджет қаражаты есебінен көшуге, тұрғын үйді жалдауға және коммуналдық қызметтерді төлеуге, тұрғын үйді сатып алуға төленетін субсидияларды банктер мен басқа да қаржы ұйымдары алдындағы кредиттік міндеттемелері бойынша өндіріп алудан қорғауға бағытталған нормалар бекітіледі. Атап айтсақ, аталған материалдық көмекті пайдалануда тыйым салынбайды және өзге де шектеулер қойылмайды, - деді депутат.

Заңмен қандас мәртебесін және Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алуға үміткерлердің жеке басын куәландыратын немесе ұлтын растайтын басқа да құжаттарда тиісті жазба болмаған жағдайларда, оны айқындау рәсімін жетілдіруге бағытталған түзетулер ұсынылады.

Атап айтқанда, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ұлты қазақ екенін айқындау ережесін әзірлеу және бекіту жөніндегі өкілеттігі бекітіледі. Осы мәселе бойынша шешімді жергілікті атқарушы орган ұлты қазақ екені туралы мәселелерді қарау жөніндегі комиссия құру арқылы қабылдайтын болады.

Ғылыми дәрежесі бар қандастарға қандас мәртебесін алған сәттен бастап бес жыл ішінде қоныстандыру өңірінен басқа өңірлерге мемлекеттік жәрдемақыны қайтармай өз еркімен көшу құқығы енгізіліп отыр. Бұдан басқа, осы заңмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде бейнебақылау жүйесін, сол сияқты оның компонентін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін қылмыстық жауаптылық енгізіледі. Қорытындылай келе, бұл заң ұлттық және қоғамдық қауіпсіздік мәселелерін қамтамасыз етуге, көші-қон саласындағы мемлекеттік реттеудің тиімділігін арттыруға, тиімді көші-қон бақылауын қамтамасыз етуге, қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау көрсетуге бағытталған, - деді Толамисов.

Осы орайда Заңға қатысты өз пікірін Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы білдірді.  

Бұл Заң қазіргі заман талабы. Атап айтсақ, қазір елімізге экстремизм, терроризм және кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыс жасаған азаматтарға кіруге тыйым салынды. Қазіргі әлемде болып жатқан жағдайды ескерсек, бұл өте уақытылы қолға алынған дүние. Осының бәрін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі қадағалайтын болады, - дейді ол.

Оның айтуынша, осы Заңның аясында қылмыстық-атқару жүйесінде де өзгерістер бар. 

Жазасын өтеушілер отыратын орындардағы бейнебақылау камераларын сындыру, қасақана залал келтіру мәселесінде заң талабы күшейді. Өйткені кейінгі уақытта сол камераларды жазасын өтеушілер ғана емес, ішіндегі құқық қорғау қызметкерлерінің тарапынан да істен шығару, яғни бюджет қаржысына алынған дүниені қасақана бүлдіру жиілеп кетті. Бұл жерде мәселе тек камераны сындырып, шығын әкелуде емес. Мұндай іс-әрекет өзге құқық бұзушылық жасауға жол ашады. Осы мақсат та заң талабы күшейе түсті, - деді Мәжіліс депутаты.

Өзгелердің жаңалығы