Көші-қон полициясы азаматтығы жоқтардың құжаттарын рәсімдеуде қандай қиындықтармен кездеседі?

31 Мамыр 2021, 12:30
1485
Бөлісу:
Көші-қон полициясы азаматтығы жоқтардың құжаттарын рәсімдеуде қандай қиындықтармен кездеседі?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ішкі істер министрлігінде өткен онлайн брифингте Көші-қон полициясы басқармасының бастығы Ғани Шымырбаев КСРО кезіндегі құжатпен жүрген, оның ішінде сол кездегі одақтың өзге аумағында туған азаматтардың құжаттарын рәсімдеуде қиындықтар туындайтынын атап өтті.

Еліміз тәуелсіздік алғалы отыз жыл өтсе де, КСРО үлгісіндегі паспортпен жүргендер көп. Олар Қазақстан аумағында туса да, құжаттарды рәсімдеуде аса көп қиындықтар туындамайды. Мәселе тек Көші-қон полициясы басқармасына жүгіну арқылы шешіліп жатады. Алайда олардың ішінде сол кездегі одақтың басқа аумағында туған азаматтар да кездеседі. Тіпті ескі үлгідегі паспортты қойып, бірде-бір құжаты жоқтар да бар. Олармен жұмыс сол елден оның туғанын айғақтайтын құжаттар сұрату арқылы шешіледі. Бұл уақыт алатын процесс, - деді ол.
Оның айтуынша, қазіргі күні бұл мемлекеттер шетел болып саналатындықтан ол жақтан азаматтың жеке басын куәландыратын қандай да бір құжатты алу консулдықтар арқылы жүзеге асырылады. 
Бұл орайда үкіметтік емес ұйымдардың көмегі зор. Ішкі істер министрлігінде мұндай мақсаттағы шығындарға қаржы қарастырылмаған. Ал басқа мемлекеттен құжаттар алғызу қажет болған жағдайда шығындарын өтеуге және бұл процесті іске асыруға көмектеседі, - деді ол.

Бұған дейін азаматтығы жоқтарға бесінші маусымға дейін уақыт берілгенін жазғанбыз.

Өзгелердің жаңалығы