Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев азаматтарды шетелге сапарлауға сақтықпен қарауға және мүмкіндігінше ел ішінде демалуға шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
СІМ басшысының айтуынша, қазіргі халықаралық жағдайға байланысты шетелге сапарлар түрлі тәуекелдермен қатар жүруі мүмкін.
Мен қазір шетелге баруға кеңес бермес едім. Қазақта “сақтансаң сақтайды” деген сөз бар. Кез келген сәтте не болатынын ешкім білмейді. Кейін өкініп қалуыңыз мүмкін, – деді Ермек Көшербаев.
Министр қазақстандықтарға ішкі туризмге назар аударуға кеңес берді.
Демалуға Қазақстанның өзінде де мүмкіндік жеткілікті. Бірі Бурабайға барса, бірі Алматыға барады. Мысалы, Шығыс Қазақстандағы Катон-Қарағайда түрлі туристік фестивальдер өтіп жатыр, – деді ол.
Сонымен қатар Көшербаев қазақстандықтардың Таиланд, Вьетнам немесе Мальдив аралдары сияқты танымал шетелдік бағыттарды жиі таңдайтынын атап өтті.
Дегенмен Қазақстанның өзінде де демалуға арналған әсем орындар аз емес, – деп айтты СІМ басшысы.
Оның айтуынша, Сыртқы істер министрлігі азаматтарды шетелге сапарлар кезінде туындауы мүмкін қауіптер туралы бірнеше рет ескерткен және сапар жоспарлар алдында жағдайды мұқият ескеруге шақырады.