Депутат Нұр-Сұлтан қаласы көшелерінің біріне Жошы ханның есімін беруді ұсынды

11 Қыркүйек 2019, 12:28
2707
Бөлісу:
Депутат Нұр-Сұлтан қаласы көшелерінің біріне Жошы ханның есімін беруді ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін мәжілістің жалпы отырысында депутат Бақытбек Смағұл премьер-министр Асқар Маминге елордадағы көшелердің біріне Жошы ханның есімін беру туралы депутаттық сауал жолдады. 

«Құрметті Асқар Ұзақбайұлы! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің VI шақырылымының бесінші сессиясында жария еткен Қазақстан халқына жолдауында экотуризм мен этнотуризмге айрықша тоқталды. Алтын орданың 750 жылдығын төл тарихымызға мәдениетімізбен туристер назарын аудару тұрғысынан атап өткеніміз жөн екенін айтты. Бұл ретте қоғам өкілдері, ғалымдар, журналистер тарапынан Ұлы Ұлыстың негізін қалаушы Жошы хан есімін заманауи Қазақстанда ұлықтау жөнінде мәселе көтеріп келеді. Мысалы, жақында Дархан Қыдырәлінің Egemen Qazaqstan газетінде жариялаған «Ұлыстың атасы»мақаласын айтуға болады», - дейді Бақытбек Смағұл.

Ол өз сауалында үкімет басшысына бірнеше ұсыныс жасады. Арасында Алтын орданың 750 жылдығы аясында Нұр-Сұлтан қаласының көшелерінің біріне Жошы ханның есімін беру.

«Осы ретте Нұр-Сұлтан қаласының көшелерінің біріне Жошы хан есімін беру және сол көше бойына Ұлыс ханның еңселі ескерткішін орнату. Ұлттық рухымызды асқақтатып, елдігімізді өз азаматтарымызға ғана емес,  елорданың әрбір қонағына паш етері сөзсіз. Алтын орданың 750 жылдығы аясында Жошы хан, Алаша хан кесенелеріне кешенді археологиялық зерттеулер жүргізген жөн. Отандық және шетелдік білікті ғалымдардың қатысуымен экспедиялар ұйымдастырып, шетелдік ақпарат құралдарында жариялау керек. Шыңғыс хан әулетінен қалған жалғыз естелік - Жошы хан кесенесін келешекте ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізуге үлес қосуға тиіспіз. Туристер көбінесе саяхат жасағанда ЮНЕСКО тізіміне енген мұраларды қарайды», - дейді депутат.

Өзгелердің жаңалығы