Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Көршілес елдермен бірлескен бақылау: зиянкестің жолы кесілмек

Олжас АДАЙ
14 Мамыр 2025, 15:22
632
Бөлісу:
 жасанды интеллект
Фото: жасанды интеллект

Қазақстан шегірткелердің таралу қаупіне қарсы көршілес елдермен бірлесіп күрес жүргізіп жатыр. 400 мың гектардан астам жер химиялық өңдеуден өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифингте Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы мәлімдеді.

Қазіргі уақытта шегіртке зиянкестеріне қарсы бақылау және қорғау шараларын жүзеге асыру бойынша жұмыстар басталды, – деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, көршілес Өзбекстан, Ресей, Қытай және Қырғызстанмен арадағы ынтымақтастық екіжақты келісімдер аясында жүзеге асып жатыр. Сол келісімдер шеңберінде:

• шегірткелердің таралу жағдайы туралы өзара ақпарат алмасу,
• екіжақты кездесулер өткізу,
• шекаралас аумақтарды бірлесіп зерттеу,
• зиянкестердің көршілес мемлекеттер аумағына көшуінің алдын алу шаралары қолға алынған.

Сонымен қатар, Дүниежүзілік азық-түлік ұйымы (ФАО) шеңберінде де алыс-жақын шетелдермен ақпарат алмасу және шегірткеге қарсы күрес бойынша халықаралық ынтымақтастық жүріп жатыр.

Республикалық фитосанитарлық диагностика мен болжамдар әдістемелік орталығының мәліметінше, 2025 жылғы 14 мамырдағы жағдай бойынша 1 485,7 мың гектар жер зерттелген. Оның ішінде 572,4 мың гектар алаңында шегірткелердің қоныстануы анықталған. 400,9 мың гектар өңдеуге жатады.

Нақты химиялық өңделген алаң көлемі – 397,3 мың гектар. Оның ішінде Жамбыл облысында – 29,4 мың гектар, Түркістан облысында – 367,3 мың гектар жер өңделді, – деді Ермек Кенжеханұлы.

Өзгелердің жаңалығы