"Көрсеткіш нөлге тең". Павлодарлық ұн тартушылар мұңын шақты

3 Мамыр 2024, 11:51
710
Бөлісу:
"Көрсеткіш нөлге тең". Павлодарлық ұн тартушылар мұңын шақты
Фото: pixabay.com

Ертіс өңірінің ұн тартушылары кәсіпкерлер палатасының өкілдеріне мұңдарын шағып, саладағы өзекті мәселелерді алға тартты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Облыстық қайта өңдеушілер қауымдастығының төрағасы, кәсіпкер Жанар Серімованың айтуынша, жергілікті ұн тартушылар ішкі нарықта бәсекеге қабілетті бола алмай отыр.

Облыста 15 диірмен жұмыс істесе, олардың жетеуі тоқтап тұр. Оның өзі небәрі 20-30%-ға жүктелген. Бұның екі себебі бар. Біріншіден, шикізат жоқ. Екіншіден, Ресейден әкелінетін арзан ұнға байланысты. Нарыққа келісі 100 теңгеден тасымалданады, ал бізде бірінші сұрыпты ұнның бағасы – 150 теңге. Біз астықты автокөлікпен тасымалдауға рұқсат беруді сұрадық. Теміржол көлігімен әкелуге бір ай кетіп қалады. Ал элеватордың қызметі қымбат. Салдарынан ұн бағасы да қымбаттайды. Өнімді саудалау үшін экспортқа да тыйым салынған. Біз көрші елден шикізат тасымалдауды тоқтатып қойдық, қазір көрсеткіш нөлге тең, - дейді Серімова.

Мамандардың айтуынша, қиын жағдай тек облыста емес, бүкіл Қазақстанда туындаған. Бүгінде елдегі 150 диірменнің басым бөлігі тоқтап тұр. Ал наубайханалар ресейлік ұнды пайдаланады. Сапасы отандық ұннан кем болса да, бағасы арзан.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлеген Көшербаевтің айтуынша, астықты жер көлігімен тасымалдауға қатысты өтінішті жауапты органдарға жолдаған.

Бұл мәселені облыс деңгейінде көтердік. Бірақ, ұсынысымызды Үкімет қабылдамады. Шикізатты нөлдік ставкамен тасымалдау бойынша да ресми хат жолдадық. Әзірге жауап күтіп отырмыз, - дейді Көшербаев.

Кәсіпкерлер «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына да шағымдарын жеткізді. Палата өкілдері ұсыныстарды қарауға уәде берді.

Өзгелердің жаңалығы