Коронавирустың «олимпиадалық» штамы пайда болуы мүмкін

28 Мамыр 2021, 08:40
2888
Бөлісу:
Коронавирустың «олимпиадалық» штамы пайда болуы мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Токиодағы Олимпиада ойындарын биыл жазда өткізуге Жапония дәрігерлер одағының басшысы да қарсылық танытып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның айтуынша, мұның соңы «олимпиадалық» штамның пайда болуына әкеп соқтыруы мүмкін. Бірақ жергілікті билік басты спорттық шара қауіпсіз өтеді деп сендіреді. Соған қарамастан жақында Олимпиада – 2020 ойындарының ресми демеушісі – Жапонияның ұлттық газеті «Асахи Симбун» өкілдері үкіметтен дүбірлі доданы кейінге қалдыруын сұраған. Әлеуметтік сауалнама нәтижелері де осыған саяды. Жергілікті тұрғындардың көбі дүбірлі доданы биыл өткізуге қарсы. Өйткені жазда коронавирустың төртінші толқыны басталуы мүмкін деген қауіп бар. Оның үстіне елде вакциналау да баяу жүріп жатыр. Осы күнге дейін халықтың 5 пайызы ғана екпе салдырған екен.
Токиоға 200 елден мыңдаған адам келеді. Олар өздерімен бірге вирустың мутацияларын да әкеледі. Сөйтіп бізде «үндістандық» не «оңтүстікафрикалық» штамдар ғана тез тарап қоймай, «олимпиадалық» жаңа штамм да пайда болуы мүмкін. Сонда алдағы 100 жыл бойы дүбірлі додаға қатысты теріс пікірлерден арыла алмай қаламыз, – деді Жапонияның дәрігерлер одағының басшысы Наото Уэяма.

Өзгелердің жаңалығы