Коронавирустың үшінші толқыны келетіні анық – жапониялық дәрігер

20 Шілде 2020, 11:25
23319
Бөлісу:
Коронавирустың үшінші толқыны келетіні анық  –  жапониялық дәрігер

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Жапония елінде он жылдан бері дәрігер болып қызмет етіп келе жатқан Әбдібек Халибек журналист Бибігүл Жексенбайдың Instagram-дағы парақшасында өткен тікелей эфирде айтты.

Жапонияда карантин болған жоқ. Наурыздан бері айтарлықтай шектеу қойылмады. Тек адам көп шоғырланатын кітапхана, мейрамхана, мәдениет орталықтарының қызметі екі айға жуық шектелді. Бір ай бұрын бұл жарлықтың күші тоқтады.  Біз вирус жұқтыру жиырма мың адамды шарпиды деп ойлаған едік, бірақ оған жетпей он мыңның айналасында тоқтады. Бұған дейін бұл елде де коронавируспен күреске қатысты тәжірибе болмады. Соның салдарынан біраз адамнан айырылып та қалдық. Бірақ, қазір күн өткен сайын жағдай тұрақталып, клиникалық хаттама да пісіп-жетіліп келеді. Біз хаттаманы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, өзге де шет мемлекеттердің, өзіміздің тәжірибемізді ескеріп, әр ауруханада пациенттерді оннан топтастырып, белгілі бір дәріні бергенде қандай әсер болатынын қарап жасадық. Хаттама әлі толық аяқталған жоқ.  Қазір біз үшін вирус жұқтырғандар маңызды болмай қалды, біз қазір әрбір пациенттің жағдайының нашарлап кетпеуін назарға аламыз, - дейді дәрігер.

Әбдібек Халибек жапониялықтардың санитарлық нормаларды қаншалықты сақтауы, жалпы тазалық ережелеріне тоқталды.

Бұл елдегі тазалық адам сенгісіз дәрежеде. Коронавирус пандемиясы басталмай тұрғанның өзінде жапониялықтардың тазалық сақтауы ерекше болатын. Қазір бірнеше есе. Үш-төрт жастағы балабақшаға баратын балалар бүгін киген иімін екінші күні кимейді, далаға шыққан-кірген сайын беті-қолын жуады. Бұл осы елдегі күнделікті қарапайым ғана әдет. Тұмау жұқтыра қалса, алдымен өзге адамға жұқтырып алмауды ойлап тұратын халық. Дезинфекция жасау, қоғамдық орындарда тамақ ішіп болғаннан кейін орынды залалсыздандыру деген шаралар мұнда бұрыннан бар. Тазалыққа қатысты ережелерде айтарлықтар өзгеріс жоқ. Бұрыннан келе жатқан қалыпты ереже ол. Тек қазір адамдар арасындағы 1,5 мер қашықтық мықты сақталуда, - деді ол.

Жапониялық дәрігер Қазақстандағы жағдайды бақылып отыратынын айтты. Ол енгізілген карантин шаралары жақсы нәтиже берді дейді. 

Мен Қазақстандағы жағдайды бақылап отырмын. Пандемия енді басталып келе жатқан кезде Қазақстанда ауырған бір адам жоқ еді. Инфекция әлемнің бірқатар еліне таралып кеткенде бірақ Қазақстан карантинге жабылды. Бұл шаралардың да нәтижесі жақсы болды деп ойлаймын. Тек екінші толқында вирусқа шалдыққандар саны артып кетті. Кейбір ғалымдар індетпен күрес 2024-ке дейін жалғасады, енді бірі бұл вируспен өмір сүріп үйренуіміз керек деп жатыр. Коронавирустың тұмау сияқты жұғу маусымы жоқ. Вакцина шықпаса қиын жағдайда қаламыз, - деп сөзін жалғады дәрігер.

Дәрігер коронавирус індетінің үшінші маусымы келетінін, оған дайындықтың жақсы болуы керегін айтты. 

Коронавирустың үшінші толқыны келетіні анық. Күз айларында тұмау маусымы басталады. Ол коронавируспен қатар келгенде адам ағзасында қандай өзгерістер болатыны бізге беймәлім. Бізді алаңдататыны осы. Сондықтан, дайындық жақсы болуы керек, - деді ол.

Әбдібек Халибек эфир барысында жанына бірер дәрігерді ертіп, Қазақстанға келіп тәжірибе бөлісуге қарсы емес екенін жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы