Коронавируспен күрес. Ресейлік дәрігерлер Алматы облысының аудандарын аралады

16 Шілде 2020, 22:53
1325
Бөлісу:
Коронавируспен күрес. Ресейлік дәрігерлер Алматы облысының аудандарын аралады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәскеулік медицина мамандары Қарасай, Іле, Еңбекшіқазақ аудандарының орталық аудандық ауруханаларында болды. Консультативтік және практикалық қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған бұл сапарда облыс әкімінің орынбасары Б.Байжұманов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Е.Бабақұмаров, Алматы қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ж.Бекшин, сол сияқты аталған аудандардың әкімдерінің орынбасарлары бірге жүрді.

Бірнеше топқа бөлінген ресейлік дәрігерлер Қарасай аудандық орталық ауруханасының қабылдау бөлімі мен бірқатар бөлімдерін, сол сияқты Шамалған ауылдық ауруханасының провизорлық бөлімін, Қаскелең қаласындағы инфекциялық бөлімін аралады. Арнайы киім ауыстыру орнынан пациент қабылдау, олардың жағдайларын анықтау, ем тағайындауға дейінгі жергілікті медицина мамандарының жұмысымен танысқан құрамында реаниматологтар, эпидемиологтар, терапевтер бар ресейлік дәрігерлер жекелеген ескертулерін айтып, практикалық кеңестерімен, жұмыс тәжірибелерімен бөлісіп, нақты ұсыныстар берді.

Топ жетекшісі, Мәскеудің ұйымдастыру-әдістемелік жұмыс жөніндегі бас хирургының орынбасары Руслан Майер жалпы мұндағы жұмыс туралы оң көзқарасы қалыптасқанын айтты.

Өз кезегінде Қарасай ауданының бас дәрігері Мәулен Малғаждаровтың айтуынша, 300 орындық провизорлық бөлімде 328 адам ем алып жатыр. Ал жұқпалы аурулар бөлімінде 80 төсек бар, онда 45 адам емделуде.

Қарасай аудандық орталық ауруханасынан кейін дәрігерлер делегациясы Іле және Еңбекшіқазақ аудандарына бағыт алды.

Іле аудандық орталық ауруханасының жұмысы жайында Іле аудандық бас дәрігерінің орынбасары Айдар Солтанғазиев айтып берді. А. Солтанғазиевтің айтуынша, аурухана базасында 120 орындық провизорлық бөлім жасақталған, оған қоса "Бану" ЖШС ғимаратының аумағында тағы 130 адамды қабылдауға мүмкіндік бар. Бүгінгі күні емдеу мекемесінде өкпені жасанды желдететін 8 аппарат, 4 ренгтген құрылғысы, 1 компьютерлік томограф бар, қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде қиындық жоқ. Мұнда коронавируспен ауырғаны анықталғаннан кейін сырқаттар Еңбекшіқазақ, Қарасай аудандарындағы және Шелек ауылындағы инфекциялық емханаларға жіберіледі.

Мұнан соң Еңбекшіқазақ ауданына барған ресейлік медицина мамандары аудандық орталық ауруханада болды. Аудандық аурухананың бас дәрігері Жәмила Әбеуова емдеу мекемесін аралатып көрсетіп, мұндағы жұмыс барысынан хабардар етті. Оның айтуынша, аудандық ауруханада вирус жұқтырған 374 адам емделіп жатыр. Бүгінге дейін 150-ден астам адам жазылып шыққан. Дегенмен күн сайын вирус жұқтырған 20-ға жуық адамның тіркелуі көңіл алаңдатарлық. Ресейлік дәрігерлер екі елдегі емдеу тәсілдерінің ұқсастығын тілге тиек етіп, мұндағы емдеу талаптарының ойдағыдай, өрескел қателіктердің жоқ екендігін айтты.

Қазақстандық әріптестеріміздің біліктілігі бізден еш кем емес. Дегенмен Ресейде індет бұрынырақ басталғандықтан, онымен күреске біз ертерек кірісіп, біраз тәжірибе жинап үлгердік. Енді сол емдеу тәсілдерімізді қазақстандық әріптестерімізбен бөлісуге келдік. Өйткені індетпен күрес – ортақ міндет, - деді мәскеулік маман Ирина Мачулина.

Еске салсақ, екі елдің Үкімет басшыларының арасында өткен айда жасалған келісімге сәйкес Қазақстанға ресейлік 30-дан астам дәрігер келген болатын. Солардың 10-ы Алматы облысында жүр. Олар жергілікті мамандарға індетпен күресуде консультациялық және практикалық көмек көрсететін болады.

Өзгелердің жаңалығы