Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша қоғамдық денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Әлия Рүстемова елордада МӘМС жүйесінің жүзеге асырылу барысы туралы өткен брифингте айтты.
Ол коронавируспен ауырғаннан кейін қандай көмек көрсетілетінін айтты.
Әрине, коронавирус індеті ауыр өткен науқастарға оңалту шаралары керек. Оңалту шаралары учаскелік дәрігерлердің бағыты бойынша жүзеге асырылады. Алғашқы медициналық көмек көрсету ұйымдарында оңалтуға арналған орындар бар. Науқастар сол жерден аурудан кейінгі кезеңді өткізе алады. Шипажайлық емделуге келетін болсақ, МӘМС мамандарының бағыты бойынша науқастар бара алады. Тек шипажайларда медициналық сақтандыру қорымен оңалту бойынша келісімшарт болуы керек, - деді Әлия Рүстемова.
Оның айтуынша, елордада тек 2 шипажайда келісімшарт бар.
Оның бірі – «Бурабай» шипажайы. Олар тыныс жолдарын емдейді. Пневмониядан кейін оңалту шараларын жүргізеді. Тағы бір мекеме «Адал ниет Астана» жекеменшік оңалту орталығы. Оларда да мемлекеттік тапсырыс бар. Ол үшін коронавируспен ауырған науқастар тіркелу бойынша МӘМС ұйымдарына бару керек. Бүгінде ондай адамдар саны 40-ты құрап отыр, - деді ол.
Өз кезегінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров пандемиямен күреске қанша қаржы бөлінгенін айтты.
Елордада коронавируспен күрес шараларына 5,5 млрд теңге бөлінді. Коронавирус аясында жұмыс істеген медицина қызметкерлерінің үстемақысына 4,2 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде коронавирус індетін жұқтырғандарға медициналық көмек көрсету үшін 1,1 млрд теңге, ПТР-сынама үшін 192 млн теңге бөлінді, - деді Нұрлыбек Қабдықапаров.