Коронавирусқа қарсы жыл сайын жаңа вакцина алып отыру керек – профессор

10 Маусым 2021, 12:26
1246
Бөлісу:
Коронавирусқа қарсы жыл сайын жаңа вакцина алып отыру керек – профессор

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы медицина ғылымдарының докторы, С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің Жұқпалы және тропикалық аурулар кафедрасының профессоры Равиля Егембердиева онлайн брифинг барысында айтты.

Оның айтуынша, коронавирус жылдам мутацияланып жатыр. Соған байланысты жаңа екпелер жасалып отыруы керек.

Коронавируспен ауырған адамда 2-8 айға дейін жететін антидене түзілетіні айтылып жатыр. Ал вакцина алғандарда антидене 6 айдан 1 жылға дейін жетеді. Вакцинаны салғанда адам ағзасы ол вируспен танысады және оған қарсы антидене түзіп, қорғаныш қабілеті пайда болады. Кейін вирус жұққанда ол қорғаныш жасушалары бірден оған шабуыл жасап, оған қарсы тұрады. Немесе ауыру жеңіл өтеді. Алайда коронавирус мутацияланып, жаңа штамдары пайда болып жатыр. Бұрынғы антиденелер оған қарсы тұра алмайды. Ол үшін жыл сайын жаңа штамға қарсы тұратын вакцина жасау керек, - дейді ол.

Профессор қазіргі медицина вирустың мутацияға ұшыраған түріне қарсы тұратын вакцина жасау үшін үлгермей жатқанын айтады.

Ұжымдық иммунитет қалыптасса, инфекция өздігінен жоғалады деу қате. Вирус бәрібір арамызда қалады. Тек жеңіл өтіп және өлімге әкелмеуі мүмкін. Қазір мамандардың ешқайсысы вирусқа қарсы иммунитет қанша уақытқа дейін сақталатынын дөп басып айта алмайды. Сондықтан қосымша вакцина қажет болады, - деді профессор.

Бұған дейін профессор Равиля Егембердиева коронавирус неліктен мутацияға ұшырап, жаңа штамдар пайда болып жатқанын түсіндірген болатын.

Өзгелердің жаңалығы