Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ОКҚ алаңында өткен брифингте Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев коронавирус жұқтырған студент сабаққа онлайн қатыса алатынын айтты.
Оқу орнында санитарлық талаптарды сақтауға ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, қоғамдық іс-шараларды өткізуге тыйым салынады. Сонымен бірге жылжымалы сабақ кестесін белгілеу жоспарланып отыр. Оқу барысында «бір аудитория – бір топ» қағидасы қатаң сақталады. Аудиторияларда желдету және санитарлық тазарту жұмыстары үшін үзілістер де қарастырылған, - деді ол.Жұқпалы аурулары анықталған студенттер қашықтан сабаққа қатыса алады.
Эпиджағдай нашарлап, құзырлы органның тиісті шешімі болған жағдайда қашықтан оқыту форматына көшу бойынша дайындық қаралуы тиіс. Университеттер офлайн режимнен онлайнға ауысу бойынша арнайы алгоритм дайындайды, - деп түсіндірді вице-министр брифингте.Айтуынша, жаңа оқу жылында білім алушылар үшін академиялық ұтқырлық бағдарламалары бойынша білім алу және шетелдік тағылымдамалардан өту шаралары қайта басталатыны жоспарланып отыр.
Сөз соңында вице-министр студенттерге жаңа оқу жылында сәттілік тіледі.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қуаныш Ерғалиев студенттерден ПТР тестінің нәтижелерін талап етуге болмайтынын айтқан еді.