Коронавирус: Жедел штаб құрылды

27 Қаңтар 2020, 17:30
2674
Бөлісу:
Коронавирус: Жедел штаб құрылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Денсаулық сақтау министрлігінің коронавирустық инфекция бойынша жедел штабы құрылды. Бүгіннен бастап халықты ақпараттандыратын арнайы бірыңғай медиаорталық іске қосылады. 

Ол коронавирустың жағдайын және Денсаулық сақтау министрлігінің іс-әрекеттерін үнемі және жедел түрде жариялап отыратын болады. Бұл туралы бүгінгі баспасөз брифингінде белгілі болды. 

Министр Елжан Біртановтың жетекшілігмен өткен штаб отырысына вице-министрлерден басқа, департамент басшылары, ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың басшылары, эпидемиологтар, жұқпалы аурулар бойынша мамандар, биотехнологтар, "СҚ-Фармация" компаниясының өкілдері, IT-мамандар қатысқан.

Штаб орынсыз қауесеттердің алдын алу үшін ерекше маңызды коммуникациялық жоспарды талқылаған. Азаматтар мен медицина қызметкерлерін ескерту үшін бірнеше нұсқаулық дайындалуда. 

Сонымен қатар, құзыретті мекемелерден келетін барлық ақпарат ағындары біріктіріліп, байланыс арналары арқылы тиімді таратылатын болады.

Вирусқа қарсы қорғалу жағдайына жалпы баға берілді. Қорғаныс костюмдерін, арнайы жабдықтарды және жылу түсіргіштерді өндіруді және сатып алуды ұлғайту шарттары жарияланды. Шекара қызметімен бірлесіп, Қазақстанға ҚХР аумағынан кіретін азаматтарды тіркеудің бірыңғай мәліметтер базасын құру жұмыстары жүргізілуде, - делінген ресми хабарламада. 

Мәселен, вирустық инфекция белгілері бар адамдарға толық геномдық жүйелілік көмегімен диагноз қоюдың техникалық мүмкіндігі қарастырылған. "СҚ-Фармациямен" біріге отырып, вирусқа қарсы және басқа дәрілердің резервін арттыру көзделуде. 

Ауруханалардағы орын/төсек саны 10 мыңға дейін екені анықталды, төсек орын санын көбейту туралы шешім қабылданды.

Бұған дейін, Жандарбек Бекшин Қытайдан және шетелден келген азаматтар 14 күн дәрігердің бақылауында болатынын айтты. Сондай-ақ, ол коронавирусқа шалдыққан инфекциялық науқастарға арналған 6 мың орындық төсек-орын бар екенін мәлімдеді.

Өзгелердің жаңалығы