Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Баяу жүретін және семіздікке шалдыққан адамдардың коронавирустың ауыр түріне шалдығуы жоғары екендігін жазды Британ ғалымдары. Сондай-ақ артық салмағы жоқ баяу жүретін адамдар да осы тізімде екен. Бұл зерттеу нәтижелері medRxiv порталында жарияланды.
Ғалымдар биобанктегі 400 мыңнан астам британдықтың денсаулық жағдайы туралы деректерді талдап, семіздікке шалдыққан адамдарда коронавирус тудырған сырқаттың даму қаупі 49 пайызға жоғары деген қорытындыға келді. Сондай-ақ дене салмағына қарамастан, кез келген баяу жүретін адамның да ауруға шалдығу қатері жоғары екенін атап өтті.Мысалы, сағатына 4,8 километр жылдамдықпен жүретін қалыпты салмағы бар адамдар сағатына 6,4 километр жылдамдықпен қозғалатындарға қарағанда COVID-19 вирусына екі есе көп шалдығады екен.
Осылайша, зерттеушілер жаяу жүрудің қарқыны – семіздік дәрежесіне тәуелді болмайтын, коронавирустың ауыр түрінің қауіп факторы деп атап отыр.
Жақында ғана Ұлыбританиядағы Медициналық зерттеулер кеңесінің Молекулярлық биология зертханасының ғалымдары COVID-19 бар науқастарда өлім қаупін арттыратын бірнеше қауіпті мутацияларды ашқан болатын. Өз кезегінде, қытайлық зерттеушілер COVID-19 коронавирустық инфекциядан өлім қаупін арттыратын маңызды факторлардың бірі қандағы қанттың жоғары мөлшері – гипергликемияның болуы деген қорытындыға келді.