Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елімізде оқу жылы басталғалы бері 400-ден астам оқушыдан коронавирус анықталған және 241 сынып карантинге жабылған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифингте санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті басшысының орынбасары Зәуре Ахметова айтты.
356 сыныпта коронавирус жұқтырған бір адамнан, 62 сыныпта екі жағдайдан, 11 сыныпта үш жағдайдан тіркелген. 241 сынып карантинге жіберілді, – деді комитет басшысының орынбасары Зәуре Ахметова.
Жаңа оқу жылы басталғалы бері коронавирус жұқтырған 426 оқушы анықталған. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, олар вирусты мектепте емес, демалыс уақытында басқа науқастармен байланысып жұқтырған.
Оқушылардан инфекция анықталғаннан кейін республика бойынша мектептерде 3 мыңнан астам ПТР-тест жасалған. Тесттен кейін вирус жұқтырған тағы үш бала анықталған.