Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетаудағы коронавирусқа сынама алатын мобильді пункттер келер аптадан бастап жұмысын бастайды. Бұл туралы Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы жетекшісінің орынбасары Татьяна Бишораева мәлімдеді.
ЖРВИ, тұмау белгілері білінсе немесе тыныс алу органдары ауруларының ауыр түрімен науқастанған пациенттерге дәрігер жолдамасы бойынша Covid-19-ға тегін экспресс-тестілеу жүргізілетін болады. Сондай-ақ аталған санаттағы азаматтар да тегін тест тапсыра алады. Олардың қатарына індеттің алды алу шараларына жұмылдырылған түрлі орган қызметкерлері, Қазақстан шекарасына өткендер кіреді. Азаматтардың жаңа зертханада сынамадан өтуіне Макин құс фабрикасы мүмкіндік тудырып отыр.
Талдау қорытындысы 15 минут ішінде дайын болады. Мобильді пункт Әуезов көшесі, 210 мекен-жайындағы "DiVera" медициналық орталығының аумағында орналасқан. Өз еріктерімен КВИ инфекциясына тест тапсыруға ниет білдіргендерге сынама ақылы түрде жүргізіледі. Індетті жұқтыру қаупі жоғары аймақтарда жұмыс істейтін медицина қызметкерлері мен провизорлық бөлімшелердегі пациенттер үшін карантиннің алғашқы күнінен тауар сапасы мен көрсетілетін қызмет сапасын бақылау департаменті аумағында ПЦР-зертханалар жұмыс істейді. Келер аптадан бастап облыстық балалар ауруханасының базасында екінші пункт жұмысын бастайды. Ол сондай-ақ шетелден авиарейстермен оралған отандастарымызды қабылдайтын болады, - дейді Татьяна Бишораева.
Оның айтуынша, зертхана жеке корпуста орналасқандықтан, балалар үшін қауіпсіз саналады. Материал арнайы терезе арқылы қабылданады. Ғимаратта желдеткіш орнатылған. ПЦР методикасы қазіргі уақытта адам ағзасында Covid-19-дың бар-жоғын нақты анықтаудың бірден бір әдісі саналады. Ол үшін ауыз бен мұрын қуысынан жұғынды алынады. Тест нәтижесі келер күні белгілі болады. Пациенттер инфекциялық госпитальде уақытылы ем алуы үшін талдау сынамасы оң нәтиже көрсеткен азаматтар туралы ақпарат бірден тауар сапасы мен көрсетілетін қызмет сапасын бақылау департаментіне жіберіледі.
Коронавирустың инфекция адам ағзасында ешбір симптомсыз таралуы мүмкін. Сондықтан да қауіпті аймақтарда жұмыс істейтін қызметкерлер індет жұқтырғанын сезбеуі де мүмкін. Қосымша екі зертхананың іске қосылуы азаматтарды тексеру жұмысын неғұрлым арттыруға және инфекция жұқтырғандарға шұғыл медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді, - деп түсіндірді Татьяна Бишораева.