Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Индонезия билігі бір ай көлемінде тұрғындар жоқ аралдардың бірінде коронавирус науқастары үшін аурухана мен карантиндік орталық салуды жоспарлап отыр.
Бұл туралы TheJakartaPost басылымы хабарлады.
Қазір ел билігі аталған нысанды салуға Риау Архипелаг провинциясының құрамына кіретін Галанг аралын көздеп отыр. Бұл аралда 1976 жылдан 1996 жылға дейін Вьетнамнан келген босқындар қоныстанған.
Аталған арал электр жүйесі және ауыз су құбырымен қамтамасыз етілген. Сонымен бірге бұл мекен көршілес Батам аралындағы халықаралық әуежайдан шамамен 50 км қашықтықта орналасқан.
Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ең үлкен елдің билігі 2 наурызда бұл аурудың алғашқы екі жағдайын тіркеген. Сонымен қоса өткен аптада Малайзия мен Сингапурде6 Индонезияға сапарда бірнеше адам коронавирус жұқтырғаны анықталса, қазір олардың қатарына Джакарта мен Батам аралдары да қосылған.
Айта кетейік, бүгінгі таңда COVID-19 вирусы бар науқастар Еуропа елдерінде жиі тіркелуде.