Коронавирус індеті көптеген салаға зардабын тигізді – Мәулен Әшімбаев

14 Мамыр 2020, 10:22
1640
Бөлісу:
Коронавирус індеті көптеген салаға зардабын тигізді –  Мәулен Әшімбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде індетпен күрес жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді. Президентіміздің тапсырмасымен дер кезінде қажетті шешімдер қабылданып, нақты шаралар жүзеге асырылды. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев бүгінгі Сенат отырысында айтты.

Жиын барысында ол, осы аптада елімізде төтенше жағдай режимі аяқталғанын, соған байланысты мемлекет басшысы дағдарыстан кейінгі дамудың басым бағыттарын анықтап бергенін жеткізді. 

Жалпы елімізде індетпен күрес жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді. Президентіміздің тапсырмасымен дер кезінде қажетті шешімдер қабылданып, нақты шаралар жүзеге асырылды. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдар өз міндеттерін тиісті деңгейде орындады. Соның арқасында елімізде вирустың жаппай таралуына жол берілмеді, - деді ол. 
Сонымен қатар, ол азаматтардың қабылданған шектеулерге түсіністікпен қарауы да президент шешімдерінің нәтижелі болуына оң әсерін тигізгенін айтты. 

Қазір жағдай айтарлықтай тұрақтанды. Дегенмен, дерттен толықтай әлі арылған жоқпыз. Сондықтан бірқатар шектеулер қала береді. Осыған байланысты сақтық шараларын ұстануымыз қажет. Коронавирус індеті көптеген салаға айтарлықтай зардабын тигізді. Осы бағытта елімізде мемлекет басшысының бастамасымен дағдарысқа қарсы шаралар жүзеге асырылуда. Халыққа және бизнеске қолдау көрсетілуде. Президент бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай жалғаса беретінін айтты, - деді Сенат төрағасы.

Әсіресе азаматтардың денсаулығын сақтауға, олардың табысын арттыруға, бизнесті қолдауға, білім және ғылым жүйесін жетілдіруге баса мән берілмек. 

Сондай-ақ ол, ТЖ жөніндегі комиссия Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссия болып қайта құрылып, кешенді жоспар дайындалатынын жеткізді. 

Сенат осының бәрін ескеріп өз жұмысын тиімді ұйымдастыруы тиіс. Біз президент ұсынған даму стратегиясын заңнамалық тұрғыда сапалы әрі уақытылы қамтамасыз етуіміз керек, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы