Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еуропада коронавируспен ауырғандар саны көбеюіне байланысты бірқатар мемлекет тиісті шектеу шараларын қабылдауға көшті.
Германия
Меркель жергілікті уақытпен сағат 15:00-де өңір басшыларымен бірігіп кеңес өткізеді. Оның нәтижесінде локдаун қайта енгізілуі мүмкін. Атап айтқанда театр, фитнес-орталықтар жабылады; Дүкенге келушілер саны шектеледі; Мейрамханалардан тамақты тек алып кетуге ғана болады; Әлеуметтік байланыстарға шектеу қойылуы мүмкін. Жергілікті БАҚ ақпаратына сүйенсек, мектеп пен балабақша әзір жабылмайды.
Италия
Жергілікті уақытпен сағат 16:30-да Конте Парламентте дүйсенбі күні енгізілген шектеу шаралары туралы есеп береді. Шектеу шараларына сәйкес мейрамханалар сағат 18.00-ден кейін жұмысын тоқтатады. Сонымен қатар театр, кино, тренажер залы, казинолар жабылады. Мектептердің 75%-ы қашықтан оқиды. Бұл шектеу шаралары 24 қарашаға дейін әрекет етеді.
Франция
Жергілікті уақытпен сағат 22.00-де Макрон үндеу жасайды. Ол 4 апталық локдаун енгізу туралы хабарлайды деп күтілуде. Бұдан бөлек басқа да шектеу шаралары қолданылуы мүмкін. Мәселен коменданттық сағат енгізу мерзімін созу. Өйткені қазір елдің 54 департаментінде сағат 21.00-ден 06.00-ге дейін комендаттық сағат тәртібі орнаған.
Айта кетейік, бүгін Ұлыбритания мен Италияда COVID-19 инфекциясы бар адамдардың өлімінің рекордтық көрсеткіші тіркелді. Бүгін 28 қазанда Ұлыбританияда мамыр айынан бастап COVID-19 инфекциясымен ауыратын адамдардың өлім-жітімінің рекордтық өсімі тіркелді. Жұқтырғандар ішінен 367 адам қайтыс болды. Сонымен қатар мұнда тәулігіне COVID-19 инфекциясының 22 мың 885 жағдайы анықталды.
Италияда бір тәулікте COVID-19 жұқтырған 221 адам қайтыс болды. Бұл 15 мамырдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Сондай-ақ 27 қазанда коронавирус жұқтырған 21 мың 944 адам анықталды, бұл алдыңғы күнмен салыстырғанда 5 мың жағдайға көп.