Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо жаңа коронавируспен күрестің нәтижелері туралы бөлісті.
Соңғы статистика бойынша, Қытайда 16 115 адам жаңадан коронавирус жұқтырған. Ал олардың жалпы саны 74 576 адамға жетті. 2118 адам пневмониядан қайтыс болды.
- Елші мырза, қазір ауру жұқтырғандарды жылдам анықтайтын аппарат шыққанын естідік. Дегенмен қайтыс болғандар саны азаймай отыр. Бұған қатысты қандай пікір білдіре аласыз?
- Қазір жақсы жаңалықтар, яғни жақсы мәліметтер бар. Эпидемияның алдын алу не таралып кетуін тоқтату үшін қатаң шаралардың арқасында, сонымен қатар тиімді емдеу шараларының нәтижесінде жазылып шыққандардың саны көп және күн сайын көбейіп келеді. Олардың саны бүгінде 6 мың адамға жетті. Басқа жағынан Ухань қаласынан сырт жерлерде ауру жұқтырғандар саны күрт төмендеді. Ал, жалпы Қытайдағы жағдайды алып қарасақ, онда жаңадан жұқтырып жатқандар саны азайып келеді. Мысалға, менің туған қалам Бейжіңде кеше 14 адам жұқтырған деп тіркелді. Шанхайда не бары 2 адам. Бұл 20-25 млн адам тұратын ірі қалалар үшін өте төмен көрсеткіш. Айтарлықтай қорықынышты емес... Дегенмен, Хубэй қаласында әлі жағдай мәз емес.
- Коронавирустың қайдан шыққаны туралы түрлі ақпарат бар. Тіпті Қытайдың өзі қасақана биологиялық түрде таратты деген мәліметтер де кездеседі. Бұған қатысты не айта аласыз?
- Мен жаңа коронавирустың қалай және қайдан шыққаны туралы интернеттегі, әлеуметтік желідегі барлық ақпаратты білемін, таныспын. Бірақ мен ресми тұлға болғандықтан тек ресми ақпаратты ғана аламын және соған сәйкес мәлімет беремін. Сондықтан біз үшін қазір бұл жағдайды саяси салаға ауыстырып отырудың қажеті жоқ. Бізге қазір, ең бастысы, жаңа коронавирус эпидемиясын тоқтатып, ауырып қалғандарды құтқару керек, емдеу керек. Керексіз, негізсіз ақпаратқа назар аудармаймыз. Дегенмен бүгінгі әлеміміз тұрақсыз, тынышсыз екенін білеміз. Идеологиялық вирустар көп тарап жатыр. Қазір әлем бойынша жоғары лауазымды тұлғалар өліп жатыр, бейбіт тұрғындар қырылып жатыр. Бұл әлем бойынша әскери базалардың, сондай-ақ биологиялық лабораториялардың көмегімен іске асырылып жатыр.
Қытайда "Адам істегенді Құдай көреді" деген халық даналығы бар. Сондықтан ешқандай идеологиялық шабуыл не басқа да жолдар Қытайдың дамуына кері әсер ете алмайды. Бізге қазір коронавируспен күрестен гөрі идеологиялық күрес қиын болып отыр. Мыңдаған жылдардан бері келе жатқан қытайлықтардың "Ешқашан ешкімге тиіспе, ал біреулердің кесірінен сақ бол" деген нақылы бар.
- Енді Қытай экономикалық жағдайын қалай қалпына келтіреді және бұл жағдай Қазақстан-Қытай экономикалық қатынасына қалай әсер етеді?
- Бұл – өте маңызды сұрақ. Бұл сұрақ әлемдік БАҚ-та өте белсенді талқыланып жатыр. Иә, әрине, бір жағынан, Қытай экономикасы әлемдік экономикаға интергация жасады. Басқа жағынан, статистика бойынша Қытай экономикасы жаһандық ЖІӨ 19,3% құрап отыр. Сондықтан эпидемия Қытай экономикасына өте қатты соққы болды. Бірақ қорқынышты емес. Аз мерзімде экономика дамуының тежелуі байқалатын шығар. Бірінші тоқсанға не бірінші жартыжылдыққа әсер етуі мүмкін. Дегенмен Қытай экономикасы жаңа реалийлерге икемділігімен, қайта қалпына келу мүмкіндігімен ерекшеленеді. Чарлз Дарвиннің "Ең ақылды емес, ең мықты әрі жаңа өзгерістерге бейім адам аман қалады" деген сөзі есіңізде ме? Сондықтан бұл қиындықтар уақытша деп есептейміз. Ал келтірілген шығын басқа табыстың кіруімен толықтырылады. Мысалы, туристік ағым мен қызмет көрсету саласына деген сұраныстың қысқаруы медициналық дәрі-дәрмек пен қызмет көрсету арқылы толтырылады. Жолаушылар тасымалы, жүк тасымалымен, жай сатылым онлайн сатылыммен толықтырылады. Осыдан 17 жыл бұрын болған SARS пневмониясының эпидемиясы кезінде де экономика құлдырайды деген үрей болды. Бірақ сол кезде ол 9% болды. Дегенмен бәрі уақытша өтіп кетті... Сондықтан әлемдік көрсеткіштер мен болжамдар ешқандай қауіптен хабар бермейді. Кешегі әлем қор биржасының көрсеткіштері жақсы сандарды берді.
Ал, Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық қатынаста мәселелер болса, ол уақытша ғана, айтарлықтай сызат түспейді. Себебі біздің қатынас географиялық жағдаймен және өзара толықтырумен байланысты. Біздің қатынасымыз ұзақмерзімді. Сондықтан қауесетке еріп, дүрлігудің қажеті жоқ. Өзім екіжақты қатынастың жақсы болатынына сенімдімін.
- Емдеу шараларына қатысты не қоса аласыз? Тиімді емдеу әдісін әлемнің түрлі елінен айтып жатыр.
- Біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және басқа әлемнің дамыған елдерінің дәрігерлерімен бірлесе жұмыс атқарып жатырмыз. Бұдан бөлек қытайлық дәрігерлер дәстүрлі ем арқылы ерекше терапияны көрсетті. Осы эпидемиядан кейін қытай дәстүрлі медицинасына айрықша көңіл бөлінеді деген ойдамын. Үкімет қытай дәстүрлі медицинасын дамытуға көп қаржы бөліп, дамытуға назар аударады деп үміттенемін.