Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Пандемия басталғалы бері елордада коронавирус инфекциясын анықтайтын ПТР-зертханалардың саны 23-ке жеткізілді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов халық алдында есеп беру кездесуінде айтты.
Оның айтуынша, пандемияның алдында қалада тек бір ПТР-сынамасын жасайтын зертхана болған.
Зертханаға үлкен салмақ түсіп, сынама нәтижесін үш күннен артық күту қажет болған. Осыны ескеріп министрлікпен бірге зертханалардың санын арттыру бағытында жұмыс атқарылды. Қазіргі күні олардың саны 23-ке жеткізілді, - деді ол.
Оның айтуынша, қазіргі күні коронавирусқа тестілеу саны да көбейді.
Егер бұрын күніне 50 мыңға жуық тестілеу жүргізілсе, бүгінде 100 мыңға дейін тест өткізу мүмкіндігі бар. Осылайша тестілеу саны 9 есе арттырылды. Ол нақты эпидемиологиялық жағдайды бақылауға мүмкіндік туғызады, - деді Көлгінов.
Сонымен қатар қала әкімі пандемия кезінде ауруханалардың материалдық-техникалық базасы жаңғыртылғанын атап өтті.
Жедел жәрдем стансаларының техникасы жүз пайызға жаңартылды. Бір жыл ішінде 107 жаңа санитарлық автокөлік сатып алынды. Жергілікті бюджеттен 500 млн-нан астам грант бөлінді. Оған жаңадан колледж бен жоғары оқу орнын тәмамдаған медициналық кадрлар тартылады. Қазіргі күні 18-ден астам аурухана эпидемиологиялық жағдай ушықса, науқастарды қабылдауға дайын тұр. Бірақ біз оған жол бермеуіміз керек, - деді әкім.Еске салсақ, елорда әкімі 15 мыңнан астам үлескер жылдар бойы пәтерін күтетінін атап өтіп, бұл мәселені қалай шешетінін айтқан еді.