Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Коронавирус пандемиясы бәрімізді дерлік үйден шығармай, төрт қабырғаға қамап қойды. Ересектер індет қаупін, вирустан сақтану үшін әлеуметтік оқшауланудың мән-маңызын түсінер. Әйткенмен, тап қазір алаңда асыр салып ойнап, мектебіне барып, күнұзаққа сыртта жүретін балаларға қазіргі жағдайды қалай түсіндіреміз? Баламыздың "Сыртқа шыққым келеді! Далада ойнағым келеді! Неге шығармайсыздар? Балабақшаға барамын, мектепке барамын, неге барғызбайсыздар?" деген сан сұрағына қалай жауап береміз? Баламен қазіргі төтенше жағдай кезінде қалай әңгемелесіміз? Баланы тәртіпке үйретерден бұрын өзімізді қалай тәрбиелейміз? Көбімізді мазалайтын сұрақтар болса керек. Осы орайда отбасы, әке-шеше мен бала, жалпы карантиндегі отбасы өмірі туралы бала психологиясы бойынша білікті маман, тәжірибелі психолог, Қаракөз Момбаевамен сұхбаттастық.
Сабыр түбі – сары алтын
Тілші: Қаракөз Қадырбекқызы, коронавирустан қорғанып, карантин жағдайында өмір сүріп жатырмыз. Бәріміз үйдеміз. Баласымен үйде отырған ата-ана қайтпек?
Бәрімізге белгілі бұл вирус әлемді шарлап кетті. Адамнан маза қашты, уайым басты. Кейбір отбасына қайғы әкелді. Сыртқа шықпай, үйде отыру, ересектер уайымы, мұның бәрі-бәрі балаларға да әсер етері сөзсіз. Кішкентай бала жайлы айтпас бұрын, үлкендерге тоқталғым келеді. Балаларға үйдегі ата-анасы қарайды. Ата-аналарға айтарым, бала деген ата-ананың көшірмесі. Ата-ана осы жағдайды қалай қабылдаса, балалар да тура солай қабылдайды. Сондықтан да ең алдымен ата-ана сабырлы болуға міндетті. Бұл ең әуелі балалары үшін керек. "Сабыр түбі – сары алтын" деген керемет сөз бар ғой. Перзент өсіріп отырған ата-ана бала психологиясымен, жалпы психологиямен дос болуы керек. Ата-анаға да, балаға да айтарым, қазір – смартфон дәуірі. Бәрі дерлік түрлі гаджетті жақсы қолдана біледі. Әлеуметтік желілер де, түрлі сайттар да, мессенджерлер де коронавирус туралы ақыл-кеңеске толы. Әйтсе де, соның барлығын тыңдап, көріп, оқи берудің, жұта берудің қажеті жоқ екенін айтқым келеді. Тек ресми, тексерілген ақпаратты ғана оқып, қарауға болады.
Баланың мазасызданғаны байқалса, ашық сөйлесу керек
Тілші: Ата-ана мектеп жасына жетпеген, балабақшаға баратын баласына қазіргі жағдайды қалай түсіндіруі керек? Қалай сөйлеседі?
Әрбір ата-ана баласының мінезін бәрінен жақсы біледі. Баланың мінезіндегі құбылыстарды да бірінші ата-ана байқауы керек. Егер баланың мазасызданғаны, ұйықтай алмай жүргені байқалса, онда баламен ашық сөйлесу керек. Егер балабақша жасындағы балалар өздері бастап сол вирус жайлы сұрамаса, онда оған айтудың қажеті жоқ. Мектеп жасына дейінгі балаларға тек гигиена жайлы айту керек. Қолды, бетті қалай жуамыз? Өзімізді қалай ұстаймыз? Міне, соны айтып, түсіндіру керек. Осылайша, басты назарды жеке бас тазалығына аударған жөн. Егер балаға қол жуу тәртібін неғұрлым қызықты етіп үйретсе, онда бала соны орындайды. Тез ұғып алады. Баланың қолын бір минутқа дейін жуып, тісін 3 минут тазалаған дұрыс. Кішкентай балаға мұны үйрету оңай емес. Ата-анаға үлкен төзім, ұзақ шыдам қажет және бұл екі мінез де ата-анадан табылуы керек. Қазір балаларға "мынаны істе" деп нұқып айтып, ештеңе өндіре алмайсың. Сондай әрекеттерді мейілінше ойын түрінде өткізген абзал. Мысалы, жақсы көретін әнін айтқызып, "енді осы әнді бірге айтып тұрып, қол жуайық" деген сыңайлы келісімге келген дұрыс. Кішкентай бала келісіммен жұмыс істейді. Мысалы, "сен қолыңды 1 минут тап-таза етіп жусаң, содан кейін бірге ертегі оқимыз" деп айтып, баламен келісімге келеміз. Не болмаса "Сен осыны жасасаң, сенің ең жақсы көретін тамағыңды жасаймыз, болмаса жақсы көретін мультфильміңді көреміз" деген сыңайлы келісімге келу керек. Оларға ұрсып, нұқып, айқайлап ештеңе де өндіре алмайтыныңызды, керісінше баланың бойында қарсылық таныту сезімін оятатыныңызды айта кетейін.
Тілші: Кішкентай бала қазір әлемде не болып жатқанын, індет жайлағанын ешкім айтпай-ақ түсіне ме?
Бала қазіргі індетті іштей түсінеді. Неге? Себебі, күнде барып жүрген балабақшаға неге бармайтыны баланы ойландырады. Олар достарын, апайларын сағынатынын естен шығармайық. Мұндайда ата-ана баланың дәрежесіне түсіп, балаға түсінікті тілмен қарапайым етіп түсіндіру керек.
Тілші: Қазір балалар балабақшаға, мектепке бармайды. Күні бойы үйде, ата-анасымен бірге отырады. Мұндай кезде бала мінезі тұйықталып қалса, қайтеміз?
Көбіміздің санамызда "балалар сабаққа бармаса, қуаныш, олар үшін мереке" деп ойлаймыз. Көптеген баланың күйі солай болуы әбден мүмкін. Дегенмен, осындай жағдайда тұйықталып қалатын балалар да бар. Егер күнде ойнап-күліп жүретін балаңыз тұйықтала бастаса және мұндай тұйықталуы екі аптадан асса, онда ата-ана міндетті түрде психологқа хабарлауы керек. Бала ұзақ тұйықталса, онда бұл оның психикасында бір нәрсе дұрыс болмай жатқанының белгісі. Мұндай тұйықталу балабақша баласынан бастап, жоғарғы сынып оқушысына дейін ортақ жағдай. Ең бастысы, бала депрессияға түспеу керек. Соның алдын алу қажет. Психолог тұйықталған баламен қалай жұмыс істеу керек екенін біледі.
"Бала смартфонынан бәрін көріп-біліп отыр"
Тілші: Ал енді мектепте оқитын, мәселен бастауыш сыныпқа баратын, орта сыныпта оқитын баламен үйде қалай отырамыз?
Бірінші сынып пен үшінші сынып аралығындағы балалармен тіл табысу, олармен түсінісу оңай болады. Олармен бірге сурет салып, ертегі айтып, мультфильм қарасаңыз, бақытты болады. Ал төртінші сынып пен жетінші сынып оқушыларына жағдайдың бәрін түсіндіріп айтып, олармен сырласу керек. Олар интернеттің құлағында ойнайтындықтан, барлық ақпаратты көріп отыр. Бәрін жұтып жатыр. Сондықтан баламен пікір алмасып, ненің дұрыс, ненің бұрыс екені туралы әңгіме құра білген жөн. Әсіресе алдын алу мен сақтық шаралары жайлы ашық әңгімелесу керек. Баланың да пікірін тыңдап, оның да сөзіне құлақ аса отырып, ашық сөйлесудің үлкен пайдасы бар.
Тілші: Ата-ана да, бала да үйде. Сіз жоғарыда бала – әке-шешесінің көшірмесі екенін айттыңыз. Ата-ана ұзақ уақыт үйде болғанда, өзін қалай ұстағаны дұрыс?
Мұғалімдер ертеңгі күнге балаларға сабақ өту үшін қалай дайындалса, сіз де балаңыздың үйде өткізетін уақытына арнайы дәптер арнап, солай дайындалыңыз. Осыны ата-анаға үнемі айтамын. Неге? Өйткені, бала уақытын тиімді пайдалануы өте маңызды. Мысалы, бір күнде 24 сағат болса, оның 8 сағаты міндетті түрде ұйқымен өткізуі керек. Ұйқы адам ағзасына, әсіресе өсіп келе жатқан баланың организміне өте пайдалы. Ұйқыға жатар алдын баланың 8 сағат толық ұйықтауына жағдай жасау керек. Мысалы, жылы сүтке бал қосып ішкізіп, жатқызса баланың ұйқысы тыныш болады. Тағы бір 8 сағатын білімге арнауы керек. Әрине 8 сағат тапжылмай отырып емес, бөліп-бөліп оқытқан дұрыс. Қалған 8 сағатты бала ойнауға, күлуге арнауы керек. Онсыз болмайды. Бір айтарым – бұл ойынға арналған 8 сағатты маңызды әрі мәнді қылып өткізуіне көңіл бөлген дұрыс. Қолына телефон беріп, "енді білгеніңді жаса" деп айту – қате. Бала бос уақытын неғұрлым телефонға жоламайтын етіп өткізген дұрыс. Баламен бірге ата-ана да ойнаған дұрыс.
"Баланың түрлі эмоциясын видеоға түсіріп, таратуға болмайды"
Тілші: Осы тұста бір мәселе туындайды. Үйде отырған отбасыларда түсірілген балалар туралы түрлі видео таралып жатыр. Мазмұны әртүрлі, бірақ бәріне ортақ бір нәрсе бар: ол – балалар үйде отырудан шаршаған, зеріккен, қашықтан оқудан қиналған. Сондай видеоларды түсіріп, таратудың қажеті қанша?
Қазір әлеуметтік желіде кішкентай балалардың видеолары тарап жатыр. "Үйде сабақ оқығым келмейді", "мамам түсіндіре алмайды", "сабақты сағындым", "достарымды сағындым" деген видеолар көп тарап кетті. Бұл адам күлетін жағдай емес. Біз сондай видеоларды көргенде жыладық. Видеодағы бала ертең өспей ме? Менің рұқсатымсыз "мұндай видеоны неге жариялайсыңдар, неге басқаға жібересіңдер, неге таратасыңдар?" деп ата-анасынан есеп сұрамай ма? Басқаның баласын да ата-анасының рұқсатынсыз сондай видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге салмау керек. Бала қазір кішкентай, ертең есейгенде мұндай видеолар бала дамуына кері әсерін тигізуі мүмкін.
"Әрбір дүрбелең баланың түп санасына жиналады"
Тілші: Коронавирус пандемиясы, төтенше жағдай, карантин, мұның барлығы жиналып келіп, түрлі үрей туғызады. Ауызекі айтқанда "паника" басталады. Ал Үрей туындаған кезде дүрбелең, жалған ақпарат, дақпырт, қауесет тез таралады. Енді осы паникаға қалай қарсы тұрамыз?
Сізге бір мысал айтайын. Осы "паника" сөзін алғаш шығарған грек малшылары саналады. "Паника" сөзі panikos деген грек сөзінен шыққан. Гректерде Пан құдайы болған. Шопан, малшылар, орман мен жайылымның құдайы саналған. Табиғаттың құбылыстары өте көп. Бірде найзағай ойнаса, бірде дауыл болады. Енді бірде өрт боп жатса, тағы бір жағынан су тасқыны болуы ғажап емес. Сондай кезде өрістегі мал бет алды, басы ауған жаққа қаша береді екен. Олар тіпті қайда қашып жатқанын білмей қалады. Жылқылар тіпті отқа, суға секіре береді. Біреуі ғана емес, бәрі мың жылқы болса да, секіріп кете беретіні дәлелденген. Осыдан 2-3 жыл бұрын Төлеби ауданында Текесу деген жерде 20-30 жылқы суға секіріп кеткен жағдай болған. Міне, паника, дүрбелең деген осы. Балалар сондайға түсіп кетпеу керек. Ең алдымен, жан саулығын ойлауымыз қажет. Егер жан сау болса, балалардың дені де тәні де сау болары анық. Паниканың алдын алудың басты шарты сол - күн тәртібін жіті ұйымдастыру және соның орындалуын қадағалау, бұлжытпай орындау. Әрбір дүрбелең, баланың түп-санасында қалып қояды. Түп-санадағы жағымсыз нәрселер жинала берсе, соңы қайғылы жағдаймен аяқталуы әбден мүмкін. Сондықтан, баланы қорқытып сөйлемеу керек. "Далаға шықсаң вирус жұғады, сосын өлесің" деген сияқты үрейлі сөздер айтпау керек. Әлеуметтік желіде көптеген ақпараттың барлығын оқып, қорқып, шошынуына жол бермеуіміз қажет. Бала қорқыныштан сөйлемей қалады. Менің практикамда қорқып сөйлемей қалған келушілеріміз бар. Басым бөлігі – балалар. Кішкентай жастағы балалар энурез болып жатыр. Кіші дәреттерін ұстай алмай қалады. Мұның бәрі баланың түп-санасында қорқыныштың жиналғаны. Тағы айтарым, жаман індетті күлкіге айналдырмау керек. Одан гөрі сақтық шаралары, жеке бас тазалығы дегенді баланың бойына әдет қылып үйреткен дұрыс. Бет сүйісіп амандасуды мүлдем тоқтату керек. Балалардың бетінен де бет алды сүйе берудің қажеті жоқ.
Тілші: Cөз соңында сұрағым – мектеп бітіруші түлектердің ата-анасы баласымен қалай қарым-қатынас жасағаны жөн? Сосын мектеп психологтары қалай жұмыс жасап жатыр?
Қазір 11-сынып бітіруші балаларда қажу процесі болып жатыр. Онсыз да көктем келіп, адамдар әлсірейтін уақытта бұл жағдай да бір жағынан адамдарды әуреге салады. Мектеп бітіруші түлектер жағдайларының не боларын ойлап қатты уайымға салына бастады. Сондықтан бұл балаларға ата-ананың көңіл бөлуі керек уақыт. Адам физикалық жаттығулар да жасаса пайдалы. Жаттығуды әдетке айналдыру керек. Бұл адам психологиясына тек пайдасын тигізеді. Жалпы ата-ана да психологиямен дос болу керек. Қазір барлық мектепте 2 психологтан бар. Бәріміз қашықтықтан жұмыс істеп отырмыз. Біздің қаладағы пихологтар жиналып, осы жағдайды балаларға қалай түсіндіру жөнінде көптеген кеңес топтастырдық. Балабақшадағы балалардан бастап бастауыш, орта сынып және жоғары сынып оқушыларына бөлек-бөлек кеңес арналады. Әсіресе, биыл ҰБТ тапсыратын балаларға көп мән беру керек. Осылайша, бәріміз бірігіп, вирусты жеңу жолында қызмет етуіміз керек.