«Қорқудың қажеті жоқ». 86 жастағы зейнеткер КВИ-ге қарсы екпе алды

16 Сәуір 2021, 12:35
1140
Бөлісу:
«Қорқудың қажеті жоқ». 86 жастағы зейнеткер КВИ-ге қарсы екпе алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысы Бұқар Жырау ауданы Ботақара кентінің тұрғыны Қанағат Жұмашұлы алғашқылардың бірі болып коронавирусқа қарсы екпе алды. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ақсақал өзін және жақындарын жұқтырудан қорғағысы келеді және ауылдастары мен облыс тұрғындарын одан үлгі алуға шақырады.

Қария 86 жаста. Өмір бойы есепші болып жұмыс істеген. Әрдайым өте белсенді болған және бос отырмауға тырысқан. Сондықтан зейнетке шығып, бизнеспен айналысуды шешкен. Қартайғанына қарамастан жеке кәсіпкерлік ашып, аудан тұрғындарына салық есептерін жасауға және оларды мемлекеттік кірістер органдарына тапсыруға көмектеседі.

Он төртінші сәуірде Бұқар Жырау ауданында алғашқы егу пункттері ашылған кезде зейнеткер вакцинациялауға ниет білдірген. Емханаға алғашқылардың бірі болып келген ол дәрігердің қарауынан өтіп, «Спутник V» вакцинасының бірінші компонентін алды.

Мен мұнда туған-туыстарыма, жақындарыма, сондай-ақ ауылдастарыма үлгі көрсету үшін келдім. Денсаулықты сақтау үшін әрқайсымыз вакцинациядан өтуіміз керек. Қорқудың қажеті жоқ! Егер біз қорқатын болсақ, жағдай тек нашарлай түседі. Жақсылыққа сену керек. Маған қараңыздаршы, 86 жастамын, толыққанды өмір сүргім келеді, - деп атап өтті Қанат Жұмашұлы. 

Өз ісінен басқа ақсақал спортпен де белсенді айналысады. Бильярд, шахмат, дойбы ойнағанды ұнатады. Оның 10 баласы, 21 немересі және 11 шөбересі бар.

Айта кету керек, бүгінгі таңда Бұқар Жырау ауданында үш вакцинация пункті жұмыс істейді: екеуі Ботақара кентінің емханасында және біреуі Ғабиден Мұстафин атындағы ауылда. Егу науқаны басталғаннан бері барлығы 285 адам «Спутник V» вакцинасының бірінші компонентін алды.

Өзгелердің жаңалығы