Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қорғаныс министрі, генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев «Астана» өңірлік қолбасшылығының оқу-жаттығу орталығына барып, «АрХО-2021» қатысушы командалардың дайындығымен танысты.
Қарағанды маңындағы оқу-жаттығу полигонында жауынгерлер «Әлем жауынгері» мен «Тактикалық мерген» атты Армия халықаралық ойындарының байқауларына дайындалуда.
Ойын тарихында «Тактикалық мерген» байқауы алғаш рет Рязань қаласында өтеді. Төрт кезеңнен тұратын ойын барысында қатысушылар жеке және топ құрамында шеберліктерін көрсетеді. Сонымен бірге дуэль жаттығуларын орындап және уақытқа атудан жарысады.
Ел жауынгерлері үздік нәтижелер көрсетеріне сенімді. Армия тактикалық атыстары Қазақстанның Қарулы Күштерінде 2019 жылдан бастап белсенді түрде дамып келеді. Атыстың бұл түрі 2020 жылдан бастап бөлімшелердің бағдарламасына енгізілді. Оның элементтері «Алтын жебе» арнайы операциялар күштерінің оқу-жаттығуы мен жыл сайынғы кешенді тексеру кезінде әрдайым пысықталып келеді.
Арменияда «Әлем жауынгері» байқауы өтеді. Аталмыш байқау бірнеше кезеңнен тұрады. Кезеңдер барысында қатысушы ерлер мен әйелдердің кәсіби және зияткерлік деңгейі, сондай-ақ шығармашылық қабілеттері тексеріледі. Біздің жауынгерлер бұл конкурста әрқашан жүлделі орындар иеленеді. Ал 2018 жылы жеңімпаздар атанған болатын.
Қорғаныс министрі полигонда конкурс жаттығуларының іс жүзінде орындалуын бақылап, «АрХО-2021» дайындық барысы жөнінде командалар басшыларын тыңдады. Сондай-ақ қару-жарақтың кейбір түрлерін қарап, сынақтан өткізді.
Армия халықаралық ойындары 22 тамыз және 4 қыркүйек аралығында 12 елдің аумағында өтеді. Ел әскері бұл жолы он бір конкурсқа қатысады.