Кореядағы күнкөріс. Хангук елінде қазақ гастарбайтерлері не істейді?

13 Қазан 2021, 11:45
20286
Бөлісу:
Кореядағы күнкөріс. Хангук елінде қазақ гастарбайтерлері не істейді?
Сұхбат PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Кореяда жұмыс істеп жүрген отандастарымыз баршылық екені құпия емес. Нәпақа табу үшін кеткен азаматтар бірнеше жыл ел көрмей жүр. 2018 жылдың 13 қазанында, яғни осыдан тура 3 жыл бұрын Бейбіт Қажымұқанұлы бір дорбасымен көп қазақстандықтың бірі болып Кореяға аттанады. Кейіпкердің жат елдегі 3 жылдағы тыныс-тіршілігін жеткізуге тырыстық.

   Кореяға апарар жол

Бейбіт 1981 жылы ШҚО-да дүниеге келген. Жоғары білімі бар. Қазақстанда тарих пәнінен мектепте мұғалім, колледже оқу бөлімінің басшысы және Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде әдіскер болып жұмыс істеген. Қазір өзін «нелегал-гастарбайтер» деп атайды.

Кореяға жұмыс істеуге оқыған, тоқыған, елде тұрақты жұмысы бар азаматтар да аттанып жатыр екен.

Қазақ елінде жалақы аз, тапқаның тамағыңнан аспайды. Адымың бір ашылмайды. Жақсы табыс болу үшін бизнес не сауда жасау керек, ал оған бастапқы капитал керек. Содан әрі ойлап, бері ойлап шетелге жұмысқа барайын деп шешім қабылдадым. Басты қорқыныш кеденнен өтпей қалу болып еді. Әйтеуір өттік, сәл ағылшын тілін білетінмін, - дейді Бейбіт Қажымұқанұлы.
Бейбіт шетелге нәпақа табуға кететінін туған бауырынан басқа ешкімге айтпаған.
Жалғыз бауырымнан басқа, ешкімге айтқан жоқпын. Ата-ана, туыс-жұрағат, таныстарға Ақтөбеде мұнай компаниясында вахтадамын деп қойдым. Қызығы да болды. Бір күні нөмеріме кішкентайдан бірге өскен, кейін ауылдан көшіп кеткен бір жігіт хабарласып тұр. «Ағасы, сен әрі-бері Ақтөбеден өтеді екенсің ғой, мен Ақтөбедемін, үйге міндетті түрде кел» дейді. Бауырмал қазағым-ай деп бір қуанып қалдым. Өзім Сеулдің ортасында жүрмін ол кезде, - дейді ол.

Табыс пен шабыс

Бейбіт Қажымұқанұлының айтуынша, Кореяда жұмыспен қамтитын орындар бар.

Қазір «арбайтта» жүрмін. Кореяда адамдарды жұмыспен қамтитын орындар бар, оларды «самушиль» (хангукша «кеңсе») деп атайды. Хангук деген оңтүстік кореялықтардың өз-өздерін атауы, қазақтың Алаш дегені секілді. Самушильға ерте барасың, бастық (саджан) түрлі жұмыстарға жібереді. Ол әдетте саған төленген жалақының 10-15%-ын, кей жерде 20%-ын ұстап қалады. Мысалы, зауыт күніне ₩100 000 (вон) төлесе, «саджан» қолыңа 85 немесе 90 мың ұстатады. Жалақыны беру де әртүрлі, күніне, аптасына, айына алуға болады, - дейді ол.

Ол Кореяда өмір сүрудің артықшылығы туралы айтып берді.

Кореядағы күнкөріс. Хангук елінде қазақ гастарбайтерлері не істейді?

Артықшылығы - табысы жақсы. Жаның тыныш. Жұмысыңды істедің, ақшаңды алдың. Көрінген полиция мазаңды алмайды. Заң бұзбасаң, жүре бересің. Осыдан екі жыл бұрын балалар 18 жыл Кореяда жұмыс істеген өзбек аға бар деп айтып отыратын, - деді ол.
Бейбіт жергілікті кәрістердің еңбекқор екенін айтады.
Адам болған соң хангуктардың жақсысы да бар, жаманы да кездеседі. Жалпы заңға бағынатын тәртіпті жұрт. Әкімі де, қарасы да бірдей. Жұмыс істеген адамды жақсы көреді, сыйлайды. Тек жұмысыңды дұрыс істесең болды. Халқы өте еңбекқор. Көп жұмыс істейді. Өте ұлтжанды мемлекет. Мысалы, олардан көбірек ақша алу үшін үш есе ақылды болуың керек. Қазақстанда шетелдік мамандарға көп төлейді ғой. Ал бұл жақта біз 110 мың алсақ, олар сол жұмысты істеп 180 мың алады. Кейде одан да аз істейді. Сол жағын көріп қынжыласың, - дейді ол.

Бейбіт Қажымұқанұлы маусымдық жұмыстардан жақсы табыс шығаруға болатынын айтты.

Мен мектепте 2016 жылы айына 110 мың теңге алатынмын. Кореяда сарымсақ маусымы болғанда күніне ₩140 000 (теңгемен 53 000) таптым. Минимум ₩140 000, жұмыс көбірек болса ₩200 000 дейін алып жүрдік, - дейді Бейбіт Қажымұқанұлы.
Ол Оңтүстік Кореядағы өмірге әбден бейімделіп алғанын айтады. Елге ақша жіберу бойынша да ешқандай мәселе жоқ екенін жеткізді.

Кореядағы күнкөріс. Хангук елінде қазақ гастарбайтерлері не істейді?

Жергілікті банкте есеп-шотымыз бар, елге ақша аудару сөз емес. Пәтерге айына ₩300 000 төлейміз, екі азамат ₩150 000-нан, бір күндік табысың бір айлық тұруыңа кетеді. Азық-түлікті өзіміз алып үйден пісіріп ішеміз, көп дегенде жан басына ₩100 000 кетеді. Телефон байланысы үшін айына ₩36 300 төлеймін (безлимит). Бірақ көп жерде тегін Wi-Fi бар, - дейді ол.
Бейбіт Қажымұқанұлы табысты әрқалай табуға болатынын айтады. Яғни, қанша істейсің, сонша аласың.
Кіріс істеген жұмысыңа, оның сағатына (азы-8, көбі-12), күніне байланысты. Оның үстіне Қазақстанға түрлі тауар жіберіп тұруыңа немесе аудармашы болып делдал да бола аласың. Оған кемі 2 000 доллар төленеді. Кеше бір шымкенттік жігіт бір күнде ₩300 000 алдым деп отырды, ол енді дәнекерлеу, электр сымын жүргізу сынды жұмысты істеген екен, - дейді ол.
Бейбіт те жақында Кореядан елге жеңіл автокөлік жіберуді қолға алған.

Кореядағы күнкөріс. Хангук елінде қазақ гастарбайтерлері не істейді?

Кореядан қазақ еліне көлік жіберу жағын көріп жатырмын. Жақсы әрі арзанырақ сапалы автокөлікті тапсырыс бойынша елге жөнелтеміз. Осындай істі де қолға алған қазақтар көп. Кейбіреуі киім-кешек, кейбреуі косметика жібереді, - деді ол.
Кейіпкеріміз Кореяға тіл білмей барғанын айтады.
Тіл білмей келдік, тіл білмей кететін шығармыз. Себебі жұмысқа барсаң, не қазақ, не өзбек, не орысша білетін біреу болады. Мысалы, соңғы барған зауыт цехында істейтін 9 адамның 7-уі қазақ болды. «Әкел», «әпер», «тие», «түсір» деген қарапайым сөздерді білеміз енді, - деді ол.
Бейбіт Қажымұқанұлы қандай жұмыста істегенін де айтып берді.
Мен көбінесе зауыттарда істедім. Роботпен дәнекерлеу, автокөліктің бөлшектерін құрастыру немесе шетелге жіберілетін автокөліктің қосалқы бөлшектерін экспортқа дайындау сынды істерді атқардым. Онда сенімен ешкім сөйлеспейді, 7 атаңды, руыңды, қайынжұртыңды сұрап отырмайды. 8 сағатта нормаңды орындауың керек. Мысалға, роботпен дәнекерлеуде бір станокта 280, бір станокта 320 деталь жасауың керек, қимыл-қозғалыстың белгілі бір алгоритмі болады, сол қарқынға бейімделмесең, норма шықпай қалады. Ұсақ-түйек әңгімелессең, жасыңды, әйел, бала-шағаңды, еліңді сұрайды. Оған жауап бере аламыз, - деді ол.

«Қазақстанға барып не істейсің?»

Ол көп жастың елге кеткісі келмейтінін жеткізді.

«Елде не істейміз?» дейді. Түбі барамыз, бірақ қазір мүмкіндік барда осы жақта жұмыс істеп қалу керек. Көрші қыз бар Кореяда жұмыс істеп екі отбасын асырап отыр. Осы жолы әкесі қайтыс болғанда бара алмай қалды. Себебі бұл жақта көші-қонға бір апта бұрын өтініш беру керек. Олар қылмыстың болмауы сынды дүниелер бойынша тексереді. Оның жауабын кем дегенде 3 күн күту керек, - деді ол.
Бейбіт Қажымұқанұлы егер Қазақстанда бала-шағасы қалмаған жағдайда Кореяда тағы 2-3 жыл еңбек ететін едім дейді. Отбасы Қазақстанда болғандықтан желтоқсан айында оралуды жоспарлап отыр.
Отбасым коронавирус болып шекарадан өте алмады. Мына жақта отбасымен жүргендер бар. Балалы болып, осы жақта балабақшаға бергендер де бар. Отбасым осында келсе, мен тағы 1-2 жыл кетпейтін едім, - деді ол.

Кореяда «нашар» қазақ жоқ

«Хангук елінде қазақтар көп пе?» деген сұраққа Бейбіт мына суретті жіберді. Көріп отырғаныңыздай, ескерту тақтайшасында «өтінемін, мұнда тыныш болыңыз» деп қазақша жазылған.

Кореядағы күнкөріс. Хангук елінде қазақ гастарбайтерлері не істейді?

Кореяда мен тұратын жерде қазақтың қыз-жігіттері өте көп. Жүрегің ауырады. 2000 жылғы балалар жүр. Мен оларға асық ойнап ауылда жүретін баласыңдар ғой, студент болып деп айтамын. Олар 24 сағат жұмыс істейді. Себебі ақшасы жақсы төленеді. Мен көрген қазақтың қыздары жарап тұр, шетінен еңбекқор. Кореяда «нашар» қазақ жоқ. Барлығы білімді. ҚазҰУ-дің магистратурасын бітірген жігіттер жүр. Салық пен кеденде жұмыс істегендер де жүр. Өнерлі азаматтар да аз емес. Балет әртісі, балетмейстер Болат Аюхановтың труппасында билеген жігітпен бірге жұмыс істедік. Түр-тұлғасы келіскен, дене бітімі де ерекше екені көрініп тұратын. Қайтеміз енді... - дейді Бейбіт Қажымұқанұлы.
Ол атағандай, Кореядағы қазақтардың жағдайы жаман емес.
Жұмысын істеп, ақшасын алып жүр. Арасында өзге мақсат қуып, жолдан тайғандар бар, әрине. Бірақ өте аз. Мен кездескен қыз-жігіттердің барлығы жақсы еңбек етіп жүр. Жақында жұмыс болмай қалып, бір зауытқа бардым. Бір реттік стакан шығаратын зауыт еді. Барсам, «ағалаған» қазақ қыздары толып жүр. Жұмыстары ауыр екен. 13 сағат тоқтамай жұмыс істедік. Станок тоқтамай жасап тұрады, соны алып тұруың керек. Солай тоқтамай 6 сағат істейді. Сағатына 5 минут демаласың. Бастығыма осы жұмысқа енді мені жіберме десем, «қыздар істеп жүр ғой» деп күледі. Қыздарға еңбекқор екенсіңдер деп айтамын, - деді ол.
Бейбіт осы уақыт аралығында Кореяның қай аймақтарын көргенін айтты.

Кореядағы күнкөріс. Хангук елінде қазақ гастарбайтерлері не істейді?

Негізі қыдыру үшін келген жоқпыз ғой, аз уақытта көбірек ақша тауып қайту үшін жүрміз. Сеулдің Кангнам (атақты PSY әніндегі), Итэвон, Мёндон аудандарын көрдік. Жұмыс қуалап Кореяның Кунсан, Сосан, Янгсан, Пусан, Тэджон, Үлкен Кванжу қалаларында болдым, кейбірінде бір ай, кейбірінде бірнеше ай тұрдым. Сеулдің Олимпик Ро ауданында 5 ай тұрдым. 1988 жылы Жазғы Олимпиадаға салынған аудан екен, аралап жүргенде «кезінде Дәулет Тұрлыханов ағамыз осы жерде атой салған» деп өз-өзіме айтып қоямын. Қазір Кёнгидо (провинция), Хвасонгта тұрамын, - дейді ол.

Таңғалдырған Корея

Бейбіт хангук еліне келгенде көшеде қарт адамдар мен мүгедектердің көп болуы таңғалдырғанын айтады.

Электр арқылы қозғалатын «коляскамен» жүйіткіп жүреді, бармайтын жерлері жоқ. Метро, авто және вокзал, әкімшілік ғимараттар мен ауруханаларда, полиция, базар, үлкен сауда кешендерінен кездестіресіз. Олардың емін-еркін қозғалуы үшін барлық жағдай жасалған. Мысалға, қоғамдық әжетхананың барлығында тағдыр тауқыметін тартқандарға арналған бір орын міндетті түрде болады. Метро вагондары мен автобус ішінде де оларға еш кедергі жоқ, - дейді ол.

Бейбіт Қажымұқанұлы Кореядағы дәретханалардың жағдайы таңғалдырғанын айтты.

Кореядағы күнкөріс. Хангук елінде қазақ гастарбайтерлері не істейді?

Өкінішке қарай, бізде мүмкіндігі шектеулі жандар өңірде тұрмақ елорданың өзінде арбаларымен бірінші кіреберісте немесе көше қиылысында қалады. Сондай-ақ дәретхананың барлық жерде болғаны да таңсық. Әрі тегін, іші тап-таза. Метродағы дәретханалары біздің әкімдіктегідей шығар, - дейді ол.
Бейбіт атағандай, Кореяда Қазақстандағы тауардың бәрі бар.

Кореядағы күнкөріс. Хангук елінде қазақ гастарбайтерлері не істейді?

Мысалы, қыста шымкенттік өзбек ағайындар жылқының етін жіліктеп сатып жүрді. Құрт дейсіз бе, насыбай дейсіз бе, бәрі бар. Кореяда нан жемейді, тостер үшін кесілген нан сатылады. Біздің нанды не сатып аласыз (₩3 000), не өзің пісіріп аласың. Нанның орнына күріш. Қазақтың етін сағынсақ, өзбек асханасына барамыз, - дейді ол.

Кореядағы күнкөріс. Хангук елінде қазақ гастарбайтерлері не істейді?

Сөз соңында Бейбіт Қажымұқанұлы елге деген сағынышын мына сөздермен жеткізгендей болды.

Кемі 40-50 жылдан соң Қазақ елінің жағдайы жақсы болады деп үміттенейік. Қарап тұрсақ 40 жыл бұрын Хангук елі де дамушы мемлекеттің бірі болған. Қазіргі уақытта экономикасы ең мықты 10 елдің біріне айналды. Сенейік, үміттенейік, атсалысайық, аман болайық, - деп түйіндеді ол өз сөзін.

Өзгелердің жаңалығы