Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Корей театрында Бауыржан Момышұлы туралы жаңа спектакль сахналанды

Кеше, 22:26
249
Бөлісу:
 Мәдениет және ақпарат министрлігі
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Республикалық мемлекеттік академиялық корей театрында қазақ халқының даңқты ұлы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай «Бауыржан Момышұлы: Даланың ұлы. Өң мен түс…» атты музыкалық-драмалық спектакльдің премьерасы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қойылым театрдың бірнеше шығармашылық бағытын бір сахнада тоғыстырды. Драма, балет және вокалдық труппалардың бірлескен еңбегі арқылы көрерменге батырдың тағдыры тек әскери ерлік қырынан ғана емес, ұлттық рух, ішкі тәртіп, туған жерге адалдық және адамдық болмыс тұрғысынан кеңінен ашылды. Спектакльде Бауыржан Момышұлының рухани әлеміне, ана тіліне, салт-дәстүрге және дала мәдениетіне деген терең байланысына ерекше мән берілген.

Сахналық шешім екі уақыт кеңістігін қатар бейнелеу тәсіліне құрылған. Қазіргі заман кейіпкерлері – Нурик пен Әсем батырдың ескерткіші жанында жаңа медиа формат арқылы өткенге көз жүгіртеді. Цифрлық кеңістік бір сәтте майдан шындығына ұласып, көрерменді Ұлы Отан соғысы жылдарындағы күрес пен ерліктің мәнін жаңаша пайымдауға жетелейді.

Қойылымның финалында ұрпақтар сабақтастығы идеясы айқын көрініс табады. Ерлікке тағзым – өткенге деген құрмет қана емес, болашақ алдындағы жауапкершілік екені терең мағынамен жеткізіледі. Спектакль қазақ және орыс тілдерінде сахналанып, әртүрлі аудиторияға ортақ рухани құндылықтарды ұсынады.

Өзгелердің жаңалығы