Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Корея Республикасының Президенті Мун Чже Ин Қазақстандағы ресми сапары аясында кеше Алматыдағы Мемлекеттік республикалық академиялық корей музыкалық комедия театрының шығармашылық ұжымымен кездесті.
Салатанатты шара барысында театр артистері өз өнерлерін паш етіп, 20 ғасырдың басында қазақ жеріне жер аударылған корей халқының ауыр тағдыры жайлы қойылымды сахналады. Онда қылышынан қан тамған қызыл әскерлердің корей ұлтын өз жерінен күштеп әкетіп, қақаған аязда қазақ даласына әкеп тастағаны, және жергілікті халық қолұшын созып, оларды тірі алып қалғаны баяндалады.Мемлекеттік республикалық академиялық корей музыкалық комедия театрының директоры Любов Ни Корей президентінің елімізге келуі тарихи жағдай деген ойда.
«Мемлекеттік корей театры ТМД бойынша тек Қазақстанда ғана бар. Биыл театрымызға 97 жыл толып отыр. Бұл екі ел арасындағы ынтымақтастықтың, мәдениетті қолдаудың, әрі бейбіт келісімнің көрінісі. Қазіргі уақытта елімізде 100 мыңнан аса корей диаспорасы өмір сүруде және оларға өз мәдениетін дамытып, ұстануына бар жағдай жасалған. Яғни, біз Қазақстан мәдениетінің бір бөлшегі ретінде дамып жатырмыз. Корей Республикасының президенті елімізге тұңғыш рет келуі тарихи жағдай», - дейді ол.
Сахналық қойылым аяқталған соң, Мун Чже Ин мырза мен жұбайы Ким Чжон Сук екеуі театр ұжымымен естелік суретке түсті.