Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысы Қордай ауданында 10 гектар жерге құлпынай егілді. Аймақта жидектің бұл түрі өндірістік көлемде алғаш рет егіліп отыр, деп жазды Хабар24.
Шаруалар тамшылатып суару жүйесін пайдалану арқылы жылына 300 тоннаға дейін өнім алуды көздейді. Алқапқа Түркиядан әкелінген «Альбион» сұрпы егілген. Ерекшелігі көктем айларынан бастап қара күзге дейін гүлдеп өнім береді. Күтіп, баптау үшін түркиялық технология қолданылады.
Айта кету керек, кәсіп иесі жергілікті ауыл тұрғындарын осы іске баулымақ. Ол үшін шағын жоба да әзірлеп қойған. Құлпынайды егудің технологиялық әдісін жұмыссыз, жалғыз басты және көп балалы 3-4 отбасына үйретеді. Көшетін үйлерінің ауласындағы жер телімдеріне отырғызып бермек. Шаруа бұл олардың күнделікті табыс көзіне айналатынына сенімді.
Құлпынайға сұраныс өте жоғары. Жеміс бермей жатып Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларымен келісім-шартқа отырып қойдық. Қазір Түркиядан 300 мың түп көшетке тапсырыс бердік. Қосымша тағы 5 гектар егіп, алқапты ұлғайтамыз, - дейді шаруа Өмірәлі Варшакидзе.Жоба мемлекет тарапынан субсидияланады
Облыс көлемінде осындай үлкен көлемде себіліп отырған құлпынай жемісінің ең үлкен көлемі осы болып отыр. Бұл кісілер тамшылатып суару технологиясын қолданады. Ол мемлекет тарапынан субсидияланады. Ереженің талаптарына сай болған кезде егер де бұл кісі бір гектар жерге үш млн теңгеге шығын шығарып тамшылатып суару қондырғысын орнатса соның 50 процентін үкімет төлеп береді, - дейді Қордай аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің агрономы Ғалымжан Оспанов.