Дания астанасы Копенгагенде Гренландияны қолдауға және АҚШ президенті Дональд Трамптың аралды бақылауға алу ниеті туралы мәлімдемелеріне қарсы жаппай наразылық акциясы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
The Guardian басылымының дерегінше, Копенгаген көшелеріне бірнеше мың адам шыққан. Акцияға қатысушылар Вашингтонның риторикасымен келіспейтінін білдіріп, Гренландияның аумақтық тұтастығын қорғауды талап етті. Алдағы уақытта осындай демонстрациялар Данияның өзге қалаларында да өтпек.
Наразылық шаралары Гренландияның өзінде де өтті. Арал астанасы Нуук қаласында жергілікті тұрғындар "Гренландия сатылмайды" деген жазуы бар плакаттармен көшеге шығып, АҚШ-қа қосылу мүмкіндігін үзілді-кесілді қабылдамайтынын жеткізді.
Басылым атап өткендей, жағдайдың ушығуы аясында бірқатар еуропалық елдер Гренландияға әскер жіберуге дайын екенін мәлімдеген. Сондай-ақ арал тұрғындарының азық-түлік, дәрі-дәрмек пен жанармай қорын жинай бастағаны, ықтимал төтенше эвакуацияға қажетті заттарды әзірлеп жатқаны хабарланды.