"Көп лайк жина": Депутат әлеуметтік желінің кері әсерін айтты

Бөлісу:
"Көп лайк жина": Депутат әлеуметтік желінің кері әсерін айтты
Фото: BAQ.KZ архив

Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы Үкіметке сауал жолдап, әлеуметтік желінің бала тәрбиесіне зияны жайлы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазір әлеуметтік желілер адамның өміріне етене енгені соншалық, “Көп лайк жина – жетістікке жет, көпке пайдаңды тигіз – подпискаға қосыл”, “Лайк – көңіл көтереді, бірақ мақсатқа жеткізбейді” деген қанатты сөздер қалыптасып үлгерді, - дейді депутат.

Амантайұлы әлеуметтік желінің рухани-мәдени зиян-залалын қазірдің өзінде сезініп отырғанымызды алға тартты.
Халықаралық Kaspersky Lab компаниясы өткен жылы жүргізген сауалнамасына сәйкес, Қазақстандағы балалардың 88%-ында жеке смартфон бар. Ал оның 28%-ы барлық бос уақытын гаджетте өткізетіні белгілі болды. Жасөспірімдердің 74 пайызы TikTok-ты, 59 пайызы – YouTube-ты, 57 пайызы – Instagram-ды белсенді пайдаланады.

Әрбір бесінші ата-ана өз баласының әлеуметтік желілердегі парақшасында қандай ақпарат жарияланғанын білмейді. Ата-аналардың 62%-ы балаларының экран алдындағы уақытын бақылау үшін ешқандай арнайы бағдарлама мен шектеу қолданбайды. 4-6 жас аралығындағы балалардың 17 пайызы интернет арқылы сатып алулар жасайды. Бұл ата-аналарға қаржылық шығын келтіріп қана қоймай, бала үшін де қауіп төндіретіні айтпасақ та түсінікті. Әлеуметтік желіге деген тәуелділіктің зардабы тым ауыр. Қазір Оңтүстік Корея мен Канада ондаған сауықтыру орталығын ашып, заманауи гаджеттерге тәуелділерді сауықтыруды қолға алды, - деп айтты мәжілісмен.

Елдің болашағын, өскелең ұрпақтың қамын ойласақ, онда қазірден бастап нақты шешімдер қабылдауымыз қажет. Яғни, жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді пайдалануын заңмен реттеу керек, - деп айтты ол.

Депутат мынадай ұсыныстар жасады:

1. Еліміздің Оқу-ағарту министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ведомствааралық топ құрып, әлеуметтік желілердің өскелең ұрпаққа тигізетін зиянын жан-жақты сараптап, саралап, арнайы заң жобасын әзірлеуі қажет. 
2. Әлеуметтік желілер мен онлайн ойындарды пайдалану бойынша жас шектеулерін енгізу, сондай-ақ, кәмелетке толмағандарға гаджеттерді пайдалану уақытын белгілеу бойынша тиісті ұсыныс әзірленуі керек.
3. Ата-аналар үшін балаларының интернет әлеміндегі іс-әрекеттерін, өткізген уақытын қадағалауға мүмкіндік беретін бірыңғай мемлекеттік бақылау жүйесін құруды ұсынамын.
4. Жасөспірімдер арасында физикалық белсенділікті дамыту – интернетке тәуелділіктің алдын алудың тиімді жолдарын қарастыру қажет.

Өзгелердің жаңалығы