2024 жылдың бірінші тоқсанында Конституциялық соттың қарауына азаматтардан мыңнан астам өтініш келіп түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әдеттегідей, өтініштерде сот актілерімен келіспеу және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік органдардың және жалпы юрисдикциялв соттадың әрекеттері мен әрекетсіздігіне шағымдар басым болды, бірақ олар конституциялық бақылау органының қарауына жатпайды.
Сондай-ақ, Конституциялық сотқа өтініш берушілерді тұрғын үй және еңбек қатынастары, әлеуметтік қорғау, ақпаратқа қол жеткізу, Негізгі заңның нормаларын түсіндіру, заңнама нормаларын түсіндіру және басқа да мәселелер толғандырды. Өтініштердің тек 29 пайызында азаматтар заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін тексеруді сұраған.
Бүгінгі күні Конституциялық сот Аппаратының алдын ала қарау сатысында азаматтардың 135 өтініші бар. Өтініш мазмұны мен шарттары бойынша талаптардың сақталмауына байланысты 952 өтініш қайтарылу себептері түсіндіріліп, өтініш берушілерге қайта жүгіну құқығын көрсете отырып қайтарылды.
Конституциялық сот 13 конституциялық іс жүргізу шеңберінде қылмыстық, азаматтық процестік, салық заңнамасының, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің, «Жол жүрісі туралы», «Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» заңдардың жекелеген нормаларының, сондай-ақ Әділет министрінің алимент ұстауға арналған кіріс түрлерінің тізбесі туралы бұйрығын Конституцияға сәйкестігін қарауда (https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/press/article/details/129461?lang=kk).
1 Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің жекелеген нормаларын тексеру жөніндегі іс жүргізу қорытынды шешім шығарыла отырып аяқталды, онда Конституциялық сот әкімшілік сот ісін жүргізуде процестік мәжбүрлеу шараларына шағым жасау тәртібіндегі белгісіздікті көрсетті (https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/documents/details/582386?lang=kk).
Конституциялық сотқа заңдардың және өзге да нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін тексеру бойынша Астана, Алматы қалаларының, Қарағанды және Ақмола облыстарының тұрғындары (өтініш берушілер) белсенді болды.