Конституциялық реформа. Қай бап қалай өзгереді. 15-бап

8 Мамыр 2022, 21:21
5717
Бөлісу:
Конституциялық реформа. Қай бап қалай өзгереді. 15-бап

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Еліміздегі талқылауға ең көп түскен баптардың бірі осы 15-бап. 

«Әркімнің өмір сүруге құқығы бар» деген тармақпен басталатын бапта еліміздегі өлім жазасы туралы мәселе айтылады.

Өздеріңіз білесіздер, елімізде өлім жазасына 2003 жылы желтоқсанда мораторий енгізілген болатын. Ал 2014 жылы өлім жазасына кесудің орнына өмір бақи бас бостандығынан айыру жазасы ұсынылған еді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Өлім жазасын алып тастау туралы» халықаралық хаттамаға қосылу туралы шешімді БҰҰ бас ассамблеясының 75 жылдық мерейтойлық сессиясының жалпы саяси дебатында сөйлеген сөзінде жариялаған болатын.

Мұнан соң, өткен жылы 16 қарашада Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Қазақстанда өлім жазасын толығымен алып тастау керектігі жайлы тағы айтты.

Осы жиыннан кейін көп ұзамай Қасым-Жомарт Тоқаев өлім жазасын алып тастау туралы Заңға қол қойды. 

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өлім жазасын жою мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды - делінген 2021 жылы 29 желтоқсан күні Ақорданың ресми сайты таратқан ақпаратта.

Ал енді жақында ғана жарияланған Конституциялық реформа бойынша өзгеріс енгізілетін Ата заң жобасында өлім жазасын алып тастау туралы нақты көрсетілген. Ендеше бейбітсүйгіш еліміздің адам өміріне қатысты бапты қалай өзгерткенін өздеріңіз оқып көріңіздер.

Коституциялық реформаға ұсынылған Ата заңымыздың жаңа нұсқасы жақында жарияланды. Ал ескі нұсқасы Ақорданың ресми сайтында жарияланған қазіргі кездегі қолданыстағы Конституциядан алынды.

15-бап

 

Жаңа нұсқада: 15-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

«2. Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Өлім жазасына тыйым салынады.».

Ескі нұсқада: 15-баптың 2-тармағы

2. Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Өлім жазасы адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленеді, ондай жазаға кесілген адамның кешірім жасау туралы өтініш ету хақы бар.

Ескерту. 15-баптың 2-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2003.01.30 N 10 қаулысымен, өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен.

Есретіңізге сала кетейік, бұған дейін Конституциялық реформада өзгертілген 4-бап пен 6-баптың қалай өзгергені жайлы жазған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы