Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов комиссияға волонтерлік қызметті конституциялық деңгейде бекіту туралы ұсыныстар түскенін хабарлады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Нәтижесінде, қолданыстағы «Волонтерлік қызмет туралы» заңды және қоғамның дамуы мен қоршаған ортаны қорғаудағы волонтерліктің маңыздылығын ескере отырып, олар қолдау тапқанын мәлімдеді.
31-баптың 2-тармағында Қазақстан Республикасында ерікті әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік қамсыздандырудың өзге де нысандарын құру, волонтерлік қызмет және қайырымдылықтың ынталандырылатыны жөнінде толықтыру енгізілді, – деді Конституциялық сот төрағасының орынбасары.
Ол бұл идеяны іске асыру жаңа Конституция жобасының басқа ережелерін үйлесімді түрде толықтыратынын мәлімдеді. Атап айтқанда, Преамбула мен Қазақстан Республикасының түбегейлі қағидаттарын, оның ішінде жауапты және жасампаз патриотизм идеяларын ілгерілету, еңбекқорлық құндылықтарын бекіту және т.б.
Бақыт Нұрмұханов басқа да өзгерістер Құрылтайдың қызметін ұйымдастырумен байланысты екенін айтты.
Мәселен, комитеттер мен комиссиялардың құрылу тәртібі, өкілеттіктері, қызметін ұйымдастыруды заңмен айқындайтын жобаның 59-бабының 3-тармағын алып тастауды ұсынды.
Ол қазіргі уақытта жоғары өкілді органның комитеттері мен комиссияларының қызметі мәселелері «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңмен, «ҚР Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» Заңмен, Парламент пен оның палаталарының регламенттерімен реттелетінін еске салды.
Бұл түзету аталған Конституциялық заңда осы мәселелерді қамтуға және оларды құқықтық реттеу деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Бақыт Нұрмұханов.