Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Конституциялық комиссия: Қазақстан аумағының тұтастығы туралы норма өзгере ме?

Жансая ҚАМБАР
Бүгiн, 17:03
141
Бөлісу:
 ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Конституцияға белгілі бір аумақтарға қаржы саласында арнайы құқықтық режим енгізу немесе "жылдам даму қалалары" деп аталатын қалаларды құру мүмкіндігін қарастыратын норманы енгізу ұсынылып жатыр. Бұл туралы Конституциялық комиссияның төртінші отырысында Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Оның айтуынша, бұл Астанадағы Халықаралық қаржы орталығының қызметі және Алатау қаласын дамытуға қатысты. Аталған шаралар республиканың тиімді экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Бұл ретте, Бақыт Нұрмұханов ұсынылып отырған норманы Конституцияның негізгі ережелерімен тығыз байланыста қарастыру қажеттігін атап өтті. Аталған ережелерге сәйкес елдің әкімшілік-аумақтық құрылымы тек қана конституциялық заңмен анықталады.

Мемлекеттің біртұтастығы, Қазақстан аумағының тұтастығы, бөлінбейтіндігі және оған қол сұғылмаушылығы туралы норма өзгеріссіз қалады, - деп атап өтті Конституциялық Сот төрағасының орынбасары.

Бұған дейін Ата заңның 77 бабына түзетулер енгізілетіні айтылды. Белгілі болғандай, Конституцияның кіріспесі ұлттық құндылық пен заманауи талапқа сай өзгереді.

Конституциялық комиссияның төртінші отырысында қаралған Ата Заңға енгізілетін өзгерістердің жиынтық жобасының таныстырылымында Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Конституцияда неке мен отбасы құндылықтарын, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау міндеттемелері күшейтілетінін атады. Сондай-ақ, ол Ата Заңның “Президент” бөлімінің ережелері қайта қаралатынын айтты.

Өзгелердің жаңалығы