Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Конституция жобасында балалар құқықтары толық ескерілді – Динара Зәкиева

Жансая ҚАМБАР
Бүгiн, 18:37
104
Бөлісу:
 Конституциялық Сот
Фото: Конституциялық Сот

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева комиссия мүшелері Конституция жобасын дайындау барысында былтырғы қазаннан бастап тікелей айтылған және eOtinish-пен келген пікірлерді ескергенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол азаматтардан түскен балалардың құқықтары мен мүдделеріне қатысты өтініштер мен ұсыныстар ерекше назарға алынғанын атады.

Балаларға қатысты Конституциялық нормаларды түбегейлі қайта қарау жөніндегі ұсыныстар іс жүзінде болған жоқ. Керісінше, азаматтардың басым бөлігі, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылар қазіргі балалар құқықтарын қорғауға бағытталған негізгі кепілдіктерді сақтауды қолдады. Бұл кепілдіктің барлығы Конституция жобасында толық көлемде сақталған, - деді уәкіл.

Сонымен қатар, Конституция жобасында бірқатар жаңа нормалар да көрініс тапқан.

Динара Зәкиеваның айтуынша, Конституцияның кіріспе бөлімінде мемлекет пен қоғамның ұрпақ алдындағы жауапкершілігін бекіту ерекше маңызды болды.

Балалар құқықтарын қорғау саласында бірігіп жұмыс істейтін ұйымдардың барлығы дерлік бұл бастаманы қолдады. Бұл ұстаным қоршаған ортаны қорғау жөніндегі конституциялық нормалармен үйлесіп, балалардың дамуы үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған. Осылайша біз бұрын Конституцияда нақты көрініс таппаған жаңа тұжырымдамалық тәсілдің қалыптасып отырғанын көріп отырмыз, - деді ол.

Уәкіл Конституцияның құқықтық жүйедегі маңызын атап өтті. Оның сөзінше, Конституция – мемлекеттің бүкіл құқықтық негізін құрайтын басты құжат, ал соның аясында қабылданатын заңнамалық актілер әрбір баланың өміріне, келешегіне және әлеуметтік жағдайына тікелей ықпал етеді. Жаңа жоба мазмұны жағынан үш негізгі қағидатқа сүйенеді: бостандық, құқық және міндет. Осы ұғымдардың өзара байланысы Конституцияның тұтастығы мен мазмұндық мәнін айқындайды.

Динара Зәкиева атап өткендей, Конституция жобасында адам құқықтарын бекіту тәсілі де жаңаша қарастырылып отыр. Атап айтқанда, екінші бөлімге “Адам және азамат” емес, “Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер” деген атау беру ұсынылған. Бұл өзгеріс адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтары қатар міндеттерінің де ерекше маңызға ие екенін нақты көрсетеді.

Аталған бөлім құқықтық тұрғыдан 29 түрлі құқықты, бостандықты және міндетті қамтиды. Конституция жобасында бекітілетін барлық құқықтар мен бостандықтар оларды іске асыру шарттарымен қатар белгіленеді. Алайда кейбір құқықтар, мысалы, өмір сүру құқығы, ешқандай шартпен шектелмейді. Бұл тұрғыда басқа адамдардың құқықтары мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірмеу маңызды. Мысалы, кейбір адамдар сөз бостандығын шексіз еркіндікке айналдырып, азаматтарды, ата-аналар мен балаларды кемсітуі мүмкін. Соның салдарынан олардың денсаулығы, психологиялық, кейде физикалық тұрғыда зиян шегеді. Осы себепті Конституция жобасында адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғылмаушылығы және олардың заңмен қорғалатыны туралы ереже ерекше маңызды, - деді уәкіл.

Динара Зәкиева Конституцияның адамның құқықтары мен бостандықтарын сақтауына нақты кепілдіктер беретін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы