Конституциялық Кеңес Республика Президентінің өтініші бойынша шешім қабылдады

25 Сәуір 2019, 16:18
2230
Бөлісу:
Конституциялық Кеңес Республика Президентінің өтініші бойынша шешім қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Конституциясы 41-бабының  2-тармағына ресми түсіндірме беру туралы өтініші бойынша Конституциялық Кеңестің отырысы өтті.  

Бұрын хабарланғандай, өтініш беруші Республика Президенттігіне кандидаттарға қойылатын Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұруы туралы талабының мазмұнын ашуды, сондай-ақ Қазақстанның шетелдік мекемелерінде және Республика мүшесі болып табылатын халықаралық ұйымдарда жұмысы кезеңінде азаматтың елден тыс жерде тұрған уақытын аталған мерзімге есептеу мәселесін түсіндіруді сұраған еді.

Отырыста Конституциялық Кеңес Төрағасы Қ. Мәми Кеңес алдында өте маңызды мәселе көтерілгенін, оның Негізгі Заңды, шет елдердің конституцияларын және ғылыми зерттеулердің нәтижелерін жан-жақты талдауды қажет ететінін атап өтті.

Кеңес құрамы Үкімет, Парламент Сенаты мен Мәжілісі, Жоғарғы Сот, Бас прокуратура, сыртқы істер және ішкі істер министрліктері өкілдерінің пікірлерін тыңдады.

Еліміздің құқықтанушы ғалымдары, заң ғылымдарының докторлары, профессорлар Е. Әбдірасұлов және М. Дәуленов өз қорытындыларын ұсынды.

Талқылаулар мен отырысқа қатысушылардың жауаптарынан кейін Конституциялық Кеңес нормативтік қаулы қабылдады.

Конституциялық Кеңес Республика Президенттігіне кандидаттар үшін Конституцияның 41-бабының 2-тармағында белгіленген Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұру талабы Мемлекет басшысының Негізгі Заңда бекітілген жауапты миссиясы, функциялары және өкілеттіктерімен шартталған, деп түсіндірді.

Елдегі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдай, мемлекеттің ұлттық ерекшелігі, жүргізілген реформалар мен қол жеткізілген нәтижелер туралы ақпаратты егжей-тегжейлі білу жоғары лауазымды тұлға үшін аса маңызды болып табылады. Оларды ескере отырып, болашақ Мемлекет басшысы қоғам мен мемлекеттің одан әрі дамуының стратегиялық және тактикалық бағдарламаларының бағыттарын айқындауы тиіс.

Аталған мән-жайларға байланысты Конституциялық Кеңес Президенттікке кандидаттың Қазақстан аумағында сайлау алдындағы ұзақ кезең ішінде тұрақты негізде тұруы туралы талап объективті қажеттілік және өте маңызды деп санайды. Осыған ұқсас талап көптеген шет елдердің конституцияларында белгіленген.

  Конституциялық Кеңестің пікірінше, он бес жылдық тұру мерзіміне бірінші кезекте адамның ел аумағында тұрақты тұру уақыты кіреді. Ол әдетте азаматтың тұрғылықты жері бойынша тіркелуімен расталады.

Сонымен қатар, бұл мерзімге Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі персоналына жататын және оларға теңестірілген Қазақстан мүше болып табылатын халықаралық ұйымдар жанындағы лауазымдарға тағайындалған азаматтардың Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұру кезеңдері де есептеледі.

Конституциялық Кеңес Төрағасы Қ. Мәми түсіндіргендей, осы негіздер бойынша елден шығу қазақстандық азаматтықты тоқтатуға және тұрақты тұратын жерін өзгертуге әкелмейді. Аталған жағдайларда Республикадан тыс жерлерде болған азамат (егер оның өзге елге тұрақты тұрғылықты түрде шыққаны, басқа мемлекеттің азаматтығын, саяси немесе өзге де баспана алғандығы немесе сондай өтініштер бергендігі туралы мәліметтер болмаса) тиісті мемлекетте уақытша тұратын болып есептеледі. Осындай жағдай тұлғаның азаматтық институтынан туындайтын Қазақстанмен тұрақты саяси-құқықтық байланысы деңгейінің қандай да бір төмендеуін білдірмейді. Ондай тұлға Қазақстан азаматы құқықтарының, бостандықтары мен міндеттерінің толық көлеміне ие болып саналады.

Нормативтік қаулының толық мәтіні баспасөзде және Конституциялық Кеңестің интернет-ресурсында жарияланады

Өзгелердің жаңалығы