Конституция – Қазақстанның тұрақтылығы мен қарқынды дамуының негізі – Нұржан Нұржігітов

31 Тамыз 2022, 10:24
1196
Бөлісу:
Конституция – Қазақстанның тұрақтылығы мен қарқынды дамуының негізі – Нұржан Нұржігітов

Жамбыл облысында Конституция күніне арналған салтанатты жиын «Баласағұн» орталық концерт залында өтті, деп хабарлайды Жамбыл облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Рәсімде алдымен әскери оркестрдың, әскери қызметкер мен құрметті қарауылдардың сүйемелдеуімен Мемлекеттік Ту көтерілді.

Расында, бұл күннің маңызы ерекше. Өйткені, Конституциямыздың ұлағатты ұстанымдары болашаққа сеніммен нық қадам басуымызға жол ашты, ел бірлігін нығайтып, ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етті. Тәуелсіздік рухы әрбір жолында көрініс тапқан Конституциямызға құрмет - халқымызға тән отаншылдықтың арқауына айналып отыр.

Жиында Қазақстан Республикасының Әнұраны салтанатты түрде орындалғаннан кейін Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов баршаны егемендігіміздің айтулы да ұлық мерекелерінің бірі – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтады.

Конституция – Қазақстанның тұрақтылығы мен қарқынды дамуының негізі, елдегі бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етудің берік іргетасы. Конституция күні – еліміздің әрбір азаматы үшін ең маңызды мерекелердің бірі. Негізгі Заң – тәуелсіздігіміздің, мемлекеттігіміздің ең басты кепілі. Конституцияның негізгі ережелеріне сүйене отырып, біздің облысымыз да табысты және қарқынды дамып келеді. Бүгінгі таңда облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы оң үрдіс жалғасуда, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы жүйелі дамып келеді. Қасиетті Әулиетан жерінің тұрғындары болашаққа сеніммен қарайды. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, халқымыз баянды болсын! Баршаңызға зор денсаулық, бақыт пен береке, жұмыстарыңызға табыс тілейміз! – деп тілегін білдірді облыс әкімі.

Конституция күнін мерекелеу «Облысқа сіңген еңбегі үшін» белгілерімен, Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталатын, әр салада жеткен жетістіктерімен ерекшеленетін тамаша оқиға болды. өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосу.

Айта кетерлігі, ағымдағы жылы Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша референдумның cәтті өтуі -   азаматтарымыздың ел дамуының жаңа бағытын қолдайтынын көрсетті. Сондықтан да, биыл Конституция күнін мерекелеу - ерекше идеологиялық маңызға ие болып отыр.

Салтанатты бөлімнен кейін Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония өнерпаздары мерекелік концерт қойды. Көңіл көтеретін шара «Арман дала» атты қазақ биімен бастау алды. «Айша бибі» би ансамблінің мың бұралған арулары көпшілікті шын тәнті етті. Мейіржан Самылтыров, Жанна Асанқұлова және Жанна Өстемірова триосы орындаған «Қазағым, қасиетіңнен айналайын» әні көрерменнің рухын көтеріп, отансүйгіштік сезімдерін арттырғаны сөзсіз. Бұл туындының сөзін айтыскер ақын, жерлесіміз Мұхаметжан Тазабеков жазғанын айта кеткен жөн.

Конституция күніне арналған концерт «FirДауыс» квартетінің шырқауындағы Ескендір Хасанғалиевтің «Бозторғай» әнімен жалғасын тапты. Әні мен сөзін Рүстем Арсланов шығарған «Қазақ елім» әнін Гүлжан Шәріпхан нәшіне келтіре орындады. Бимен көркемдеген «Ақкербез» би ансамблінің өнері де айта кетуге тұрарлық. Жәнібек Жүндібаев шырқаған «Жаңа Қазақстаным» әнінен болашаққа деген көптің сенімі нығая түскенін аңғардық.

«Қазақ елі» ансамблінің орындауындағы Дэвид Гарреттің «Палладиосы», Дамира Музатова, Әсем Абдуалиева және Динара Диханбаева бірге шырқаған «Қазағым-ай» әні концерттің салмағын арттырды, ажарын ашты. Қазақ биі «Жайлауда»«Ақкербез» би ансамблінің орындауында керемет шыққанын мойындауға тиіспіз.

Жалпы, іс-шара барысында билеген ансамбльдердің жетекшісі Айжан Қонарбаеваның айтуынша, қыздар концертке айрықша дайындалды.

Өйткені, бұл – мемлекеттік, халықтық маңызы бар мереке. Көпшіліктің қамкөңіл болып қайтқанын қаламаймыз. Өнер – халық үшін, өнер – халықтікі. Біз сол үдеден шығуға барымызды салдық. Тағы да айтарым, біз өнер адамы болсақ та, әрбір ұлттық дүниенің мәнін-маңызын түсінеміз. Оны түсінбей, өнерді түсіну мүмкін емес, - деді Айжан Қонарбаев.

Конституция күніне арналған концерт әнін Ескендір Хасанғалиев, сөзін Қадыр Мырза-Әлі жазған атақты «Атамекен» әнімен түйінделді. Қастерлі, киелі шығарма деуге лайық туындыны «Кәусар» вокалдық ансамблі өз деңгейінде орындап шықты. Көпшілік ыстық ықыласын білдіріп, орындарынан тұрып қол соқты әрі қосыла шырқады.

Мерекелік шара соңында Жамбыл облысы әкімінің атынан әртістерге ықылас гүлі тарту етіліп, шымылдық жабылды.

Өзгелердің жаңалығы