Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті ас мәзірін қазақ тілінде жазбаған мекемелердің үстінен кімге, қайда шағымдану керектігін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Серік Құсайынов осы мәселеге қатысты жауап берді.
Біз Қазақстанда тұрамыз. Конституцияда да қазақ тілі мемлекеттік тіл болып бекітілді, алайда орыс тілі ресми түрде мемлекеттік тілмен қатар жүреді. Ас мәзірінің ағылшын тілінде де жазылып жатқанын көреміз. Конституциямызға сай ас мәзірінің қазақ тілінде болғаны дұрыс. Тұтынушылардың оны қазақ тілінде талап етуге құқығы бар. Бүгінде тұтынушылардан ас мәзірінің екі тілде болмағаны жөнінде өтініштер келіп түсіп жатыр. Біз бұл мәселені шешу жолында жұмыстанып жатырмыз, – деді Серік Құсайынов.
Тұтынушы ас мәзірін қазақ тілінде ала алмаған жағдайда, «Тіл саясаты комитеті» мемлекеттік мекемесіне жүгіне алады.
Егер тұтынушының мейрамханаға шағымы болса, онда ол осы мәселені шешу үшін құзіретті орган - Тіл саясаты комитетіне жүгіне алады. Тиісті ұсыныспен өз ойын ортаға сала алады. Сондай-ақ, әкімшілік жауапкершілікке тарту, заңдағы талаптарды күшейтуді талап етуге құқығы бар, – деді Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары.