Конго Демократиялық Республикасының шығысындағы Итури провинциясында Эбола безгегінің жаңа өршуі тіркелді. Africa CDC мәліметінше, қазіргі уақытта 246-ға жуық күдікті жағдай анықталып, 65 адам көз жұмған.
Мәліметті Associated Press ақпарат агенттігі жазды.
Індеттің негізгі ошағы Монгвалу мен Рвампара аудандарында шоғырланған. Көршілес Буниа қаласында да күдікті жағдайлар тіркеліп, тексеру жүргізілуде. Зертханада расталған жұқпалардың төртеуі науқастардың өлімімен аяқталған.
Алдын ала жүргізілген тестілеу нәтижесінде 20 сынаманың 13-і оң нәтиже көрсеткен.
Эбола – сирек кездесетін, бірақ аса қауіпті вирустық ауру. Ол жұқтырған адамның биологиялық сұйықтықтары немесе ластанған заттар арқылы таралады. Бұл жолғы індет Конгода алдыңғы Эбола өршуінің аяқталғаны ресми жарияланғаннан шамамен бес ай өткен соң басталып отыр. Бұған дейінгі індеттен 43 адам қайтыс болған еді.
Қазір мамандар аурудың қандай штаммнан туындағанын анықтап жатыр. Ең қауіпті әрі кең таралған түрі – заирлік эболавирус. Ол адамдар мен приматтар арасында ауыр геморрагиялық қызбаны тудырады.
Africa CDC Конго, Уганда және Оңтүстік Судан билігімен, сондай-ақ халықаралық серіктестермен шұғыл кеңес өткізуді бастады. Кездесуде эпидемиологиялық бақылауды күшейту, шекаралық тексерістер мен алдын алу шараларын арттыру, сондай-ақ бірлескен іс-қимылды үйлестіру мәселелері қаралмақ.
Итури провинциясы ел астанасы Киншасадан мың шақырымнан астам қашықтықта орналасқан. Аймаққа жету қиын болғандықтан, жолдардың нашарлығы, қарулы топтардың белсенділігі және пайдалы қазбаларды өндіруге байланысты халықтың жиі көші-қоны дәрігерлердің жұмысын қиындатып, вирустың таралу қаупін күшейтіп отыр.