Сәуір айынан бері Конго-Қырым қызбасын 33 адам жұқтырып, 5 азамат көз жұмды. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова «Елдегі эпидемиологиялық жағдай туралы» брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Олардың үшеуі - Қызылорда облысының тұрғыны. Екеуі - Жамбыл мен Түркістан аймағының азаматтары. Қазір 3 науқас ем қабылдап жатыр, - деді Айжан Есмағамбетова.
Сондай-ақ ведомство өкілі күйдіргі ауруынан сақтану жолдарын атады. Себебі былтыр Жамбыл облысында 12 адам осы дертті жұқтырған. Көбі ауру малдың етін тасымалдаумен айналысқан.
Рұқсат етілмеген сауда орталықтарынан ет өнімдерін сатып алмаңыз. Тамақ пісіру кезінде шикі еттің дәмін татпағаныңыз дұрыс. Әбден қайнатып, қуыру қажет. Егер ауру малдың етін сақтап немесе тасымалдағаннан кейін 8 күн ішінде қызуыңыз көтеріліп, теріңіздің қызарғанын байқасаңыз, бірден көмекке жүгінгеніңіз абзал, - деді Есмағамбетова.
Айта кеткен жөн, биыл тырысқақ, сіреспе, дифтерия аурулары тіркелген жоқ.
Вице-министрдің сөзінше, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39 инфекциялық ауру көрсеткіші төмендеген. Оның ішінде ботулизм 45%-ға, ротавирустық энтерит 25%-ға, қышыма 9%-ға, сальмонеллез 12%-ға, туберкулез 6%-ға төмендеді.
Назерке Өтеген