Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тараз қаласында «Көне тараз» бен «Қарахан баба» кесенесін біріктіретін туристік аймақ ашылады.
Бұл туралы ӨКҚ баспасөз брифингінде Жамбыл облысы әкімдігі сәулет және қала құрылысы басқармасының мемлекеттік қала құрылысы кадастры және жобалау жұмыстары бөлімінің басшысы Алмас Төлеубаев айтты.
Қаладағы «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің 2-кезеңі, «Көне Тараз» және «Қарахан баба» кесенесін байланыстыратын «Арбат-3», қаланың басты көшелерінде кіші сәулеттік формалар, «Таразға тарту» жобасы аясында 24-тен аса нысанның эскиздік жобалары әзірленіп, құрылыс жұмыстары аяқталып, ағымдағы жылы пайдалануға берілді, - деді бөлім басшысы.
Айтуынша, биылдың жоспарына сәйкес, қазан айында ел Тәуелсіздігінінің 30 жылдығына орай, «Анаға тағзым» орталығы, қаланың Тәуке хан көшесінің бойынан орын алған «Үстел теннисі мен көркем гимнастика» орталығының құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді.
«Анаға тағзым» орталығы - ұлттың құндылығын дәріптейтін орталық облыстың әйел-аналары мен қыз-келіншектері үшін, қазіргі заманның талабына сай қасиеттерді бойына сіңіретін басқосу алаңы.