Кондитерлік өнімдер пісіретін көпбалалы ана мембағдарлама аясында кәсібін кеңейтті

9 Маусым 2020, 18:30
4575
Бөлісу:
Кондитерлік өнімдер пісіретін көпбалалы ана мембағдарлама аясында кәсібін кеңейтті

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Кондитерлік өнімдер пісіретін қызылордалық көпбалалы ана мемлекеттік бағдарлама аясында кәсібін кеңейтуде.

45454.png

Қармақшы ауданына қарасты Ақжар ауылында тұратын көпбалалы Айнұр Досмағұлова тәттілер пісіруді әу баста ермек еткен. Оның әзірлеген дәмді торттарына алдымен ағайын-туысы, таныстары тапсырыс бере бастады. Уақыт өте келе ермек еткен еңбегі табыс көзіне айналды. 2018 жылы мемлекеттік қолдаудың арқасында 600 мың теңге қайтарымсыз несие алып, кәсібін ашты.

Түрлі тәтті пісіру де өнер деп білемін. Ерінбей жасай берсең, қолың жаттығады, сөйтіп торттың да, бәліштің де түр-түрін үйреніп алдым. Әдепкіде өз ауылдастарым тапсырыс беретін, кейін көрші елді мекендерден де сұраушылар көбейді. Күн сайын 5 торттан 15 тортқа дейін тапсырыс түседі. Ал Жаңа жыл, 8 наурыз мерекелерінде 30-40 торт пісіремін. Карантин кезеңінде той-томалақ азайғасын тапсырыс да азайған болатын, қазір жұмысым жәй-жәй жүріп жатыр, – деді ол.

Айнұр Досмағұлова биыл "Жаппай кәсіпкерлікті дамыту" бағдарламасы шеңберінде кондитерлік цех ашу үшін 2 миллион тенге несиеге қол жеткізді.

Несие алудағы мақсатым – кәсібімді дамыту. Бірақ карантин енгізілгенде жоспарымның көбісі кейінге шегерілді. Соған байланысты жұмысым тоқтағанда 42 500 тенге көмекті де алдым. Жұбайым шаруа қожалықта механизатор болып еңбек етеді. Оның табысынан бөлек, осы тәтті-мәттілерді сатып, тапқан пайданы отбасымызды ырзығын айырамыз. Кәсібім өзіме ұнайды. Бар ықыласты салып жасасаң, торттар да дәмді шығады, – дейді Айнұр.

5 баланың анасы Айнұр Досмағұлова дайындаған кондитерлік өнімдердің бағасы мен сапасына көпшіліктің көңілі толады.

Оны көбісі "Ақжардағы Айнұр" деп атайды. Жасаған тәттілерінің дәмі тіл үйіреді. Еңбегіне ризамыз. Адал еңбек етіп балаларына да үлгі-өнеге көрсетіп отыр, – дейді тапсырыс берушілердің бірі Гүлмаржан Әбдіраш.

Өзгелердің жаңалығы